фото: championat.com
1985 жылдың 29 мамырында Бельгия астанасы Брюссельдегі әйгілі «Эйзель» стадионында футбол тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі орын алды. Бұл туралы Sportinside.kz баяндайды.
Бұл күні Еуропа чемпиондар кубогының финалында италиялық «Ювентус» пен ағылшынның «Ливерпуль» клубтары кездесуі тиіс еді. Алайда матч футбол тарихына жеңімпазбен емес, адам өлімімен есте қалды.
Қанды финал: қалай болды?
Матч басталардан бір сағат бұрын «Ливерпуль» жанкүйерлерінің бір бөлігі трибуналар арасындағы қоршаудан өтіп, «Ювентус» жанкүйерлеріне қарай ұмтылды. Қауіптен үрейленген италиялық жанкүйерлер кері қаша бастайды. Олардың көпшілігі шеткі қабырғаға қысылып, нәтижесінде бетон қабырға құлап кетеді.
Трагедия салдарынан 39 адам қаза тауып, олардың басым бөлігі – италиялықтар. Тағы жүздеген адам түрлі жарақат алған. Соған қарамастан, билік тәртіпсіздік одан әрі өршіп кетпес үшін матчты тоқтатпау туралы шешім қабылдады.
Салдары қандай болды?
Бұл оқиға УЕФА тарихындағы ең үлкен соққы болды. Қайғылы жағдайдан кейін келесі шешімдер қабылданды:
- Барлық ағылшын клубтары УЕФА аясындағы жарыстардан 5 жылға шеттетілді;
- «Ливерпуль» клубы 6 жылға (бастапқыда 10 жыл) жарыстардан шеттетілді;
- 14 «Ливерпуль» жанкүйері абайсызда кісі өлтірді деген айыппен 3 жылға сотталды.