Қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) беделді The Ring журналының рейтингінен шығып қалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақ дәрежесінде рейтингтің бірінші сатысында тұрған еді. Алайда допинг-сынақтан тыйым салынған зат анықталғаннан кейін қазақ боксшысы үздік ондықтан алынып тасталды. Қазір рейтингтің көшін WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамес бастап тұр. Ал алғашқы үштікке кубалық Йоэнлис Эрнандес пен Эрисланди Лара енді.
Еске салайық, 7 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара орта салмақтағы үш әлем чемпиондық титул үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда айқасқа бірнеше күн қалғанда Жәнібектің допинг-сынасынан тыйым салынған мельдоний препараты табылып, жекпе-жек өтпей қалды.
Нәтижесінде Лара қазақ боксшысының орнына венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Ал Жәнібек Әлімханұлына қатысты іс бойынша қазір ішкі тексеру жүргізіліп жатыр, "В" сынағын ашу 2026 жылдың қаңтарына жоспарланған.