Мұхтар Мағауин прозасының танатопоэтикасы

Мұхтар Мағауин прозасының танатопоэтикасы

А. Қ. ҚАЙЫРБЕКОВА, С. У. ТАКИРОВ, К. А. ТОЛЕУБАЕВА
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қарағанды, Қазақстан

Аңдатпа. Мақала көркем танатологияның маңызды бөлімі – танатопоэтиканы зерттеуге бағытталған және терминнің әлем әдебиетіндегі рөлі, қазақ әдебиетіне ену тенденциясы қарастырылады. Сонымен қатар, экзистенциализм, танатологиялық мотив деген түсініктерге баса назар аударылады.

Танатологияны зерттеуге өз үлесін қосқан ғалымдардың (А. Ханзен-Леве, Р. Л. Красильников, М. Бахтин, Г. Балтабаева және т.б.) еңбектеріне шолу жасай отырып, қазақ әдебиетіндегі өлім тақырыбының өзектілігі дәлелденеді.

Бұл зерттеудің мақсаты – Мұхтар Мағауиннің прозасындағы танатологияның көркемдік рөлін зерттеу және сипаттау, шығармаларындағы өлім категориясының қолданыс аясын саралау.

Мақаланың негізгі объектісі ретінде алынған жазушы шығармаларындағы танатологиялық мотивтер көркем мәтіннің идеялық-тақырыптық, бейнелеу құралы деңгейінде ғана қарастырылмайды, сюжетті құрушы элемент ретіндегі қызметі зерттеледі, хронотоп терминімен байланысы мен шығармалардағы нарративті ерекшеліктер анықталады.

Сонымен қатар, мақалада жазушы шығармаларына арқау болған мифтік сюжеттер мен архетиптерге де шолу жасалынады, мифологиялық образдардың шығармадағы орнына, жазушы шығармаларындағы танатопоэтикасына терең анализ жасалады. Сондай-ақ, мақалада М. Мағауиннің қазіргі қазақстандық проза шекараларын кеңейтуге қосқан үлесі зерделенеді.

Түйін сөздер: өлім, танатология, танатопоэтика, хронотоп, экзистенциализм, сюжет, нарратив, архетип.

Кіріспе. Әрбір адам үшін өлім – белгісіздік, өмірдің тәтті шақтарынан, жақындарынан айыратын зұлымдық бейнесі ретінде елестейді, ол бар жерде адам бойын үрей, қорқыныш сезімдері билейді.

Өліммен байланысты символдарды ежелгі дәуір әдебиеті үлгілерінен, діни кітаптардан, қазіргі шығармалар мен өлеңдерден көптеп кездестіруге болады. Жалпы өлім шығарманың сюжеті, кейіпкерлер желісі мен тақырыбы, автордың мақсатына байланысты жақсылықтың жамандықты жеңуі (немесе керісінше), үміттің үзілуі, мына өмірдің жалғандығын еске салу, күйреу, әділдіктің орнауы сияқты рөлдерді атқарады.

Қазіргі кезде өлім тақырыбы көркем әдебиеттің негізгі объектілерінің бірі екені сөзсіз. Өлімге қатысты «танатос», «танатология», «танатография», «танатопоэтика» сынды бірқатар терминдер орыс әдебиеттану ғылымында қолданысқа ие.

Осының ішіндегі ХХ ғасырдың екінші жартысында гуманитарлық ғылымдардың назарына ие болған «танатология» терминін қазақ ғалымдары ішінде Г. Балтабаева өз зерттеу еңбегінде қарастырып, танатологиялық сарында [1] шолу жасап өтеді. Ал біздің тоқталатынымыз – «танатопоэтика».

1993 жылы әдебиеттанушы ғалым А. Ханзен-Лёве Мандельштамның поэзиясын талдай отырып, оның танатопоэтикасы жайлы сөз қозғайды. Ғалым өлімнің көркем әдебиетте бейнелеуін «танатопоэтика» [2, 121] деп атап кеткен. Содан бері А. Ханзен-Лёве бұл терминді ойлап тапқан ғалым ретінде саналады.

Танатопоэтика – шетелдік әдебиеттанушылардың назарындағы негізгі салалардың бірі, алайда қазақ әдебиетінде зерттеле қоймаған, қазіргі кезде ол әдеби талдаудан анағұрлым алда тұр. Ол танатологиямен (өлім туралы ғылым), философиямен, психологиямен, тарихпен, антропологиямен тығыз байланысты.

Белгілі зерттеуші, танатология жайлы бірқатар еңбектердің авторы Р. Л. Красильников танатопоэтиканың бірегей анықтамасын ұсынады, бұл саланы өлімді көркем бейнелеу тәсілдерін талдауға бағытталған пәнаралық зерттеу амалы ретінде қарастырғанымыз жөн деген ойды ұстанады. Бұл – жай ғана өлімді сипаттау емес, әдеби шығарманың барлық аспектілеріне «өлім» тақырыбының семантикасын, құрылымын және әсерін терең талдау [3, 120].

Красильников терминнің екі жақты сипатына назар аударады: бір жағынан, танатопоэтика өзі «пән» болса, ал екінші жағынан – бұл зерттеудің «объектісі» – әдебиеттегі өлімді көркемдік бейнелеудің әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы. Бұл – стилистикалық әдістерді, композициялық шешімдерді, өлімді тек тақырыпқа ғана емес, толыққанды көркемдік құралға айналдыратын барлық элементтерді талдауға бағытталған жиынтық сала.

Зерттеу жұмысының негізгі мақсат, міндеті – танатопоэтика терминінің мәніне үңілу, Мұхтар Мағауин шығармаларындағы танатологияның орны мен рөлін, сюжеттің құрылымына әсерін саралау. Әрине, М. Мағауин шығармаларын толық талдау мүмкін емес, алайда танатологиялық сарын басым келетін туындыларының қыр-сырын анықтау көзделеді.

Әдістеме және зерттеу әдістері. Мақалада әдеби мәтіндегі өлім категориясы хронотопты (баяндаудың кеңістіктік-уақыттық координаттарын) анықтай алатыны, баяндауға әсер ететіні (оқиғаларды баяндаудың реттілігі мен тәсілі), сюжеттік құрылымды және тұтастай алғанда шығарманың композициялық құрылымын өзгерте алатыны дәлелденеді.

Жаһандық әдебиеттану ғылымындағы зерттеу парадигмаларына сүйене отырып, қазақ әдебиетіндегі танатологиялық мотивтердің пайда болуы мен танатопоэтиканың термин ретінде қалыптасуы қарастырылады.

Зерттеудің нысаны ретінде қазіргі қазақ прозасының алдаспаны, тарихшы әрі филолог Мұхтар Мағауиннің туындылары алынды, шығармаларындағы өлім категориясының қолданысы мен көркем сюжетке әсеріне талдау жасалды. Сонымен қатар, «танатопоэтика» терминіне жан-жақты анықтама беру мақсатында салыстырмалы-тарихи, интертекстуалдық, герменевтикалық, гипотезалық, анализ және синтез сияқты әдістер қолданылды.

Талқылау мен бақылау. Ең алдымен, М. Мағауиннің танатопоэтикасын талдау өзекті мәселе деп ойлаймыз. Біріншіден, жазушы шығармашылығындағы өлім тақырыбы зерттеле қоймаған, екіншіден, М. Мағауин шығармаларының сюжеті шытырман оқиғаларға толы және әр шығармадағы өлім түрлері қайталанбайды.

Сонымен қатар, жазушының шығармалары қазіргі көркем мәтіндегі өлімнің философиялық, мифологиялық және әдеби интерпретациясын кешенді талдауға мүмкіндік береді.

Психоаналитик К. Юнг өз зерттеу еңбегінде өлгеннен кейін адамның жаны бірнеше бөлшектерге бөлінеді және ол бөлшек мына әлемде қалып қоюы да ғажап емес, өйткені адамның санасы салыстырмалы түрде әр түрлі кеңістік пен уақытта өмір сүруі мүмкін екендігін айта отырып, мәңгілік өмірдің болуы мүмкін деген гипотезаны жоққа шығармайды [4, 456].

Юнгтің бұл теориясын М. Мағауиннің «Өлі мен тірі» туындысы дәлелдей тұрғандай: мұнда «мына әлем» мен «ана әлемнің» шекарасы бұзылады, жанның мәңгілік екендігі ашық айтылады.

Шығарма желісі бойынша Алладан сұрап, 40-қа келгенде қол жеткізген «үміт сәулесі» – ұлдары Айсынның ажал құшуы; сол жалғыз перзентінің өлімінен кейін қайғыдан қан жұтқан Айбол мен Сындыбала бейнесі беріледі.

Ата-анасының амалсыздан, ата-анасының өлермен халін «көрген» аруақтың өлілер әлемінен оралуы бейне бір мифтік элементке ұқсайды. Сонымен қатар, «сиқыр», «басқа әлем» сияқты сөздерден тәңіршілдіктің ұшқындары байқалады. Мәселен, мына үзіндіні алайық:

«– Көке, апа... Сендер мені өлді деп білдіңдер. Енді тірі қалпыма сенер-сенбес жағдайда тұрсыңдар. Мен өлгем. Әрі тірімін. Мен – тән емес, жан! Мен – мәңгі жасар аруақ...
– Жоқ! – деді екеуі қатарынан. – Сен – барсың. Аман-есен, тірісің. Әлдебір сиқырлы өлкеде жүрсің... Біз кетейік. Ауыс, айырбас мүмкін бе?» [5].

Бұл туындыда М. Мағауин «жан» мәңгілік, «тән» уақытша құбылыс екенін айта отырып, қазақ халқының танымындағы «аруақ» ешқайда кетпейтінін, бізді қорғап-қолдап жүретінін шығарманың негізгі идеясы ретінде ұсынып тұрғандай.

Сонымен қатар, Айсынның өлімі арқылы баласынан ерте айырылған, өткенмен, естелікпен өмір сүретін ата-ананың психологиялық жай-күйін көрсетсе, «өлген» адамды жұмысқа алған досының ар-ұятының тынышталуы сияқты оқиғалар арқылы жазушы оқырманға мына өмірдің жалғандығы, ажалдың тосыннан келетінін, адалдықтың маңызды екенін жеткізгісі келген.

Бұған дейін адамзаттың әлемді, мына өмірді тануда ежелден қалыптасқан мифтік ойлаудың (арғы өмір, реинкарнация) орны ерекше болғандығы көпке мәлім. Ю. Лотман «Семиотика» атты еңбегінде циклдік, сызықтық жүйелердегі өлім түсінігінің әртүрлі болғандығын, бірі «Құдай» образына қайтып келу болса, бірі өз қалпында қайта туылу сияқты сенімдерді қамтитынын ашып көрсетеді [6, 139].

Сондай құбылысты М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы» туындысынан байқаймыз: басты кейіпкердің хикаятындағы өлім шекарасының бұзылуы, Саржанның осы әлемнің, осы ғасырдың адамы емес екенін сезінуі, уақытша тән емес, мәңгілік аруаққа, мүсінге айналуы, қазіргі тарих беттерінен мүлдем өшуі, адамдар санасында көмескіленіп, мәңгілік ұмытылуы – мифтік сюжеттің элементтері.

«Осы Саржан екеуіміздің қайсымыз шеңберден шығып барамыз? Ол ма, мен бе? Бәлкім, Саржан деген бұл дүниеде жоқ, осының бәрі менің қиялым шығар; Ендеше... осының бәрі – екеуіміз бірігіп жазбақ әлдебір қияли шығарманың алды-арты бүтінделмеген шалағай сұлбасы. Жоқ, Саржанның емес, менің басымды шырмаған хикая. Саржан тек қосымша дерек беруші ғана. Немесе зерттеу, таным жандығы», [7, 30], – деген шығармадағы үзінді арқылы шығармада болатын мистикалық сюжет пен абсурдтық элементтердің орын алатынын алдын-ала айтып тұрғандай.

Мұнда жазушы үш бірдей қызметті атқарады: автор – нарратор – кейіпкер. Яғни автор кейде эксплицитті, кейде имплицитті нарратордың рөлін атқарғанын көреміз. Бұндағы Саржан да бірде кейіпкер, бірде нарратор, сондай-ақ автор кейіпкерді сөйлету арқылы өз ойын көпшілікке жеткізеді:

«– Кететін болдық, – деді Саржан. – Мүсінді жасап бітем, содан соң екеуміз баяғы заманымызға қайтадан көшеміз. Тура 1173 жылға. Айсұлу нақтылап айтты, мен бүгінгі мағлұм тарих бойынша тағы тексердім – мың емес, сегіз жүз жыл бұрын екен. Айсұлу – он жетіде, мен – жиырмадамын. Жаңа ғана қосылғанбыз. Бүгінгі кезімізге, яғни мүсін әуелгі мүсін жасалған жылға дейін ғұмыр кешеміз.

Содан соң екеуміз де өлеміз. Былайша, сырттай қарағанда. Ал шын мәнісінде 1787 жылға дейін, біржола шағылып қалғанша, қартаймай, қам-қайғысыз, қосағымызбен тағы да алты ғасыр ғұмыр кешеміз. Содан соң, бәлкім, бүгінгі күн. Біздің мәңгілік ғұмырымыздың үшінші айналымы... Яғни, көлденең көзге ақиқат көрінетін өлімнің ешқандай қорқынышы жоқ» [7, 36].

Бұл үзіндіден жазушының өлімді қалыпты құбылыс ретінде қабылдайтынын көре аламыз: егер өлу арқылы мәңгілік ғұмырға қол жеткізу жолында ажал құшу керек болса, кейіпкері де сөзсіз өлуге дайын.

Бұл шығармада фантастикалық хронотоп кездеседі, өйткені кейіпкер XI ғасырдағы Қыпшақ даласынан осы заманға саяхаттайды. Шығарманы оқи отырып, түрлі ғажайыптарға тап боласыз және жазушының тарих жайлы терең біліміне таң қаласыз.

Бұл туынды арқылы өлімнің қорқынышты, тосыннан келетін жағымсыз құбылыс емес, бір жақсылықтың басы, мәңгілік өмірдің кілті екенін сезінеміз.

Сонымен қатар, ғалым Ю. Лотман өлімге діни көзқарастан тыс призмада қарауға шақырады, ол табиғи және адамның еркінен тыс құбылыс екенін дәлелдейді. Өлім сөзсіз жүзеге асатыны, оның кәрілік пен ауру сияқты түсініктермен байланысын еске сақтай отырып, оған бейтарап баға беруіміз керек екенін сөзге тиек етеді [6, 140].

Қаншалықты үрей туғызса да, табиғи құбылыс екені шындық, өмірде бір ақиқат бар болса, ол – өлім. Сонда да кей кезде адам жақынының өлімін қабылдай алмай, қатты күйзеліске түседі, уайым мен қайғы өзегіне құрт болып түседі де, ауруға айналады. Жазушы мұндай күйді өзінің «Елес» атты туындысының негізгі идеясы ретінде алады. Мұнда да «аруақ», «елес» деген құбылыстар сөз болады.

Шығармадағы Бағила өз қызының өлімінен кейін мына өмірдің ащы шындығынан арылу үшін сананың шекарасынан өтіп, өз қиял әлемін құрады. Ол параллельді әлемде өмір сүріп жатқандай, Бағиланың өмірі Балжанның өліміне дейін және кейін деп екіге жарылды, бұл жазушы Д. Тарттың «Щегол» атты туындысындағы кейіпкердің ішкі жалғыздығына, яғни мына үзіндідегі кейіпкердің ішкі монологына қатты ұқсас: «Ее смерть стала разделительной чертой: До и После. Спустя столько лет, конечно, это звучит как-то совсем мрачно, но так, как она, меня больше никто не любил» [8,12].

Тео өзінің анасының өлімінен кейін қатты күйзеліске түсіп, нашақорлыққа салынса, М. Мағауиннің кейіпкері өз қызын қатты жақсы көргендіктен оны өлді деп санаудан қалады. Бағила өзінің өтірігіне көрші әйелді сендіреді, сол «жалған-шындықты» жазушы естіп, әбден сенуге айналады. Тіпті жерлеуге бара жатқанда Балжанның есейген «елесін» көреді, автор қызы жалғыз анасын ақтық сапарға шығарып салуға келіп тұр деп ойлайды. Бұл иллюзия екенін өзі де сезбей қалады.

Бірақ шындықтың беті ашылады, қызы ажал құшқан, анасы есінен адасқан, әбден шизофренияның ушыққан түрімен ауырған. Бірақ жазушы өз көзімен елесті көрді ғой: «Қиялдың шындыққа айналатыны бар. Заттанады. Өзіндік сыпатқа ие болып, тіршілік шеруіне ұласады. Негізі бар қиял. ... Бәлкім, құрғақ қиял, құрғақ та болса қуат қиялдан күш алған буалдыр елес отыз жыл бойы Бағиламен бірге жасаған шығар. Өзін қайта туғызған анасымен бірге жасаған елес... сол анасы жер қойнына кірер мезетте неге бір сәт қабір басында тұрмасқа... Бәлкім, елес емес, аруақ шығар? Онда, үш-төрт жасар сәби болуы керек қой. Әлде, аруақтың да өзінше ғұмыр кешуі бар ма. ... Аруақ емес, елес. Нақты, жанды елес. Бәлкім, елес те емес. Бірақ өз көзіммен көрдім ғой. Нақты. Демек, расында да... Кесіп айту қиын. Бәрі де мүмкін, бәрі де ықтимал» [9, 79].

Бұндағы аруақтың өзінше күн кешуі туралы абсурдтық көзқарастың дәлелін Ш. Лансен атты ғалымның «Выделение человеком астрального призрака по собственной воле» деп аталатын зерттеу мақаласынан кездестіреміз, онда әр түрлі елдердегі адам жанының екіге жарылып өмір сүретіндігін тілге тиек етеді.

Сонымен қатар, бұл туындысында автор нарратор ретінде көрініс табады, ол оқиғаны өз ой елегінен өткізіп, өзі сырттан келген кейіпкердің рөлін сомдайды. Бұл ғалым Женеттің зерттеуіне сүйенсек, «ішкі фокализацияға» [10] сәйкес келеді, яғни автор артық ақпарат айтпайды, тіпті шығарманың шешімінде өзі де басқа кейіпкерлер сияқты тосын оқиғаға таң қалады, бұл жазушының үлкен шеберлігін көрсетеді.

Өлім жүрген жерде тағдыр категориясы да қарастырылуы керек, бұл екеуі бір-бірімен өзара байланысты құбылыстар. Тағдыр мен өлім түсініктері адамзаттың болмысына, экзистенциясына әртүрлі әсер етеді, кейде, тіпті, қарама-қарсы рөлдерді атқарады.

Мәселен, М. Мағауиннің «Ақыр-дүние» атты триптихында, аты айтып тұрғандай, үш түрлі оқиға қамтылған, біріншісі — Ғ. Мүсіреповтің өлім сәті және онымен қоштасу болса, екіншісі — І. Есенберлиннің жерлеуі мен жазушының түсіне кіруін баяндаса, үшіншісі — А. Ахматованың зират басындағы оқиға. Бірінші әңгімеде Ғ. Мүсіреповтың ауыр халі, кеудесінен кернеген өксік, өмірдің соңғы минуттарын жалғыз өткізуі сияқты нағыз танатологиялық жай-күйі сипатталады.

Шығармадағы мына үзіндіге назар аударсақ: «Енді үңіле қарасам, мүлде үнсіз, көгере сұрланып кеткен, тіпті, дем алысы да тоқтап қалған сияқты. ... Тірі! Әзірше... Келер сәтте ажал арбасы жүрісін жеделдете, қиғаш тартып, көзден ғайып болды ... Ғабең тек кешке қарай ғана жантәсілім етіпті деп естідім. Суық сұр үйде. Жалғыз өзі. Жат қолында» [9, 122], бұнда жазушы жедел жәрдем көлігіне «ажал арбасы» деп символдық атау берсе, соңғы сөйлемдегі «Жат қолында» сөз тіркесі арқылы Ғ. Мүсіреповтың өз шығармасын еске түсіріп, ремисценцияны қолданып тұр.

Толығырақ осы сілтемеден оқи аласыздар.

Admin
Admin
Автор