Маңғыстаулық параспортшылар жарысқа бару үшін несие алуға мәжбүр болған

Маңғыстаулық параспортшылар жарысқа бару үшін несие алуға мәжбүр болған

фото: Lada.kz

Маңғыстау облысындағы параспортшылардың ата-аналары балаларын бочча спортынан өтетін Қазақстан кубогына өз қаражаты есебінен жіберуге мәжбүр болды. Бұған дейін уәде етілгенімен, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етпеген, деп Sportinside.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ата-аналардың айтуынша, 9-13 қараша аралығында өтетін ел кубогына дайындық тамыз айынан бері жүргізілген. Алайда қаржының бөлінбеуі салдарынан команданың жарысқа қатысуы соңғы сәтке дейін белгісіз болған.

"31 қазан күні кешке ортақ ата-аналар чатына басқарма тарапынан команданың сапарға шықпайтыны туралы хабарлама келді. Балалар бірнеше ай бойы дайындалған соң, бұл жаңалық бізді шошытты. Кейін біз Маңғыстау облысы бочча федерациясының президенті Жанбырбай Матаевқа жүгіндік. Ол басқарма басшысы Мақсат Мұқашпен сөйлесіп, жағдайды анықтады. Шенеунік ешқандай бас тарту болмағанын, бұйрыққа қол қойылғанын және ақпараттың қате екенін айтты. Біз соған сеніп, билеттерді өзіміз сатып алдық. Бір жаққа шамамен 240 мың теңге кетті. Кейбір ата-аналар тіпті несие алуға мәжбүр болды", – дейді ата-аналар.

Алайда арада бір апта өтсе де, ешқандай қаржы түспеген. Соған қарамастан, команда 9 қараша күні өз қаражатымен ел кубогына аттанбақ.

"Біз билеттерді өзіміз сатып алып, қонақүйге де өз ақшамызға тапсырыс бердік. Балаларды үмітсіз қалдыра алмадық – олар айлап дайындалды. Егер бәрін өзіміз төлеуге тура келсе де, барамыз. Бірақ шындық мынада – билік мүгедектігі бар балаларға бөлінетін қаржыны үнемдеуге тырысты. Бізге көмек береміз деп уәде еткен, бірақ сөзінде тұрмады. Кейбір ата-аналар ақшаның жоқтығынан сапардан бас тартуға мәжбүр болды", – дейді ата-аналар қынжылып.