фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі. Суретте: Александр Заруцкий
Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында "Қайрат" клубының қақпашысы Александр Заруцкий командадан кетеді деген ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты алматылық клубтың басшылығы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұған дейін "AmanVIBE" Telegram арнасында клуб Заруцкиймен келісімшартты ұзартпайды деген ақпарат таратқан еді. Бұл хабарламаны бірнеше ірі ақпараттық сайттар да жариялаған.
Алайда, аталған ақпаратқа қақпашының өзі Instagram желісіндегі stories бөлімінде жауап берді.
"Адамдар хайп үшін бәріне дайын, тіпті жалған ақпарат таратуға да дейін барады. Кейде хайп ар-намыстан да жоғары тұрып кетеді", – деп жазды Заруцкий.
Сонымен қатар, "Қайрат" клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев та бұл ақпаратты теріске шығарды.
"Бұл шындыққа жанаспайды, сенбеңіздер. Александр командамен бірге Чемпиондар лигасының ойындарына дайындалып жатыр. Келісімшартты бұзу туралы ешқандай әңгіме болған жоқ. Мұның бәрі – ойдан шығарылған өсек", – деді Боранбаев.

 
								 
                             
         
         
         
        