фото: instagram.com/f.c.kairat
Алматылық "Қайрат" клубы Қазақстан құрамасының қақпашысы Александр Заруцкиймен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл туралы мәліметті журналист Елдар Аманбаев Telegram желісіндегі ресми парақшасында хабар таратты.
"Александр Заруцкий "Қайраттан" кетеді. Менің дерегім бойынша, ел чемпионы тәжірибелі ойыншымен келісімшартты ұзартпауға шешім қабылдаған. Маусым басында ол негізгі қақпашы болғанымен, жарақат алып қалған соң, негізгі құрамдағы орнын жоғалтты. Оның орнын енді Темірлан Анарбеков басты, қазір клуб дәл соған үлкен үміт артып отыр", – деп жазды журналист.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Заруцкий барлық ойынға бастапқы құрамда шыққан еді. Алайда "Селтикке" қарсы өткен сырттағы кездесуде жарақат алып, кейінгі матчқа қатыса алмады.
Ал Алматыда өткен жауапты ойында Темірлан Анарбеков қақпаға тұрды және пенальти сериясында тамаша өнер көрсетіп, "Қайратқа" еурокубоктың келесі кезеңіне өтуге үлкен септігін тигізді.