"Барыс" хоккей клубы көпшілік асыға күткен жеңісіне қол жеткізді

"Барыс" хоккей клубы көпшілік асыға күткен жеңісіне қол жеткізді

фото: "Барыс" хоккей клубы

Астаналық "Барыс" хоккей клубы өз мұз айдынында өткен Құрлықтық хоккей лигасының (КХЛ) кезекті ойынында жеңіске жетті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл жолы астаналық команда Хабаровскінің "Амур" клубын қабылдап, ойынды 3:1 есебімен өз пайдасына аяқтады. Ойын "Барыс Аренада" өтті.

Бірінші кезеңнің басында "Барыс" қақпаға шайба соққанымен, төрешілер видеоқайталаудан кейін оны аяқпен соғылған деп есептеп, голды есепке алмады. Дегенмен есеп 15-минутта ашылды – Джейк Масси алғашқы шайбаның авторы атанып, оған Дінмұхаммед Қайыржан мен Тайс Томпсон ассист жасады.

Екінші кезеңде астаналықтар тағы екі рет мергендік танытты – бұл жолы Тайс Томпсон мен Әлихан Өмірбеков шайба соғып, команданың басымдығын арттырды. Екі гол да тең құрамда ойнап жүрген сәтте соғылды.

Үшінші кезеңнің соңында "Амур" есепті қысқартуға тырысып, Кирилл Петьковтың шайбасымен бір ұпай айырмашылық жасады. Алайда матчтың тағдыры өзгеріссіз қалды – 3:1, "Барыстың" пайдасында.

Бұл жеңіс астаналық ұжымның маусымдағы жетінші жеңісі болды. 19 ойыннан кейін "Барыс" 19 ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде жетінші орында орналасқан.

Келесі ойынын Михаил Кравецтің шәкірттері 27 қазанда сырт алаңда, Нижнекамскінің "Нефтехимигіне" қарсы өткізеді.