фото: sportinside.kz коллажы
Қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов Семейде өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін өз әсерін бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Төрт жылдан кейін қайтадан Қазақстан чемпионы атандым. Бұл – ел біріншілігіндегі төртінші алтын жүлдем. Өзімді әлі де жақсы формада сезінемін. Мен үшін бұл – жастың тек сан екенін дәлелдейтін көрсеткіш. Фарух – өте мықты боксшы. Бұл – рингтегі біздің үшінші кездесуіміз. Ол әр жекпе-жек сайын өсіп келеді. Егер алғашқы кездесу оңай болса, "Странджа" турниріндегі финалда біраз қиналдым, ал бүгін ол нағыз қарсылық танытып, жақсы дайындықпен шықты. Айдың соңында оқу-жаттығу жиыны өтеді деп естідім. Сол жерде Қайрат Тұрсынханұлы алдағы жоспарларды айқындайды деп ойлаймын", – деді Абылайхан Жүсіпов.
Еске салайық, 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық жекпе-жекте Қарағанды облысының өкілі Абылайхан Жүсіпов алматылық Фарух Тоқтасыновты айқын басымдықпен жеңіп, ел чемпионы атанған болатын.
Айта кетейік, қазіргі уақытта дәл осы салмақта әлем чемпионы деген атағы бар Төрехан Сабырхан көш бастап тұр.