Шавкат шарасыз қалды: Қазақ жауынгерінің мансабына қауіп төнді

Шавкат шарасыз қалды: Қазақ жауынгерінің мансабына қауіп төнді

фото: Jeff Bottari/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Шавкат Рахмонов

UFC жартылай орта салмақ рейтингінің екінші нөмірінде тұрған америкалық Шон Брэди келесі жекпе-жегіне жаңа қарсылас тапты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

15 қараша күні Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында өтетін UFC 322 турнирінде Брэди эквадорлық Майкл Моралеспен кездеседі. Бұл жаңалықты америкалық файтер өзінің подкастында растады.

Бұл жағдай жарақаттан кейін қалыпқа келіп жатқан қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың келешегін біраз қиындата түсті. Бұған дейін Шон Брэди «Номадтың» (Рахмоновтың лақап аты) ықтимал қарсыласы ретінде аталып, тіпті оған ашық түрде шақыру тастаған еді. Алайда енді Брэди өз жекпе-жегін жоспарлап қойғандықтан, Шавкат біраз уақыт бос қарсыластарсыз қалуы мүмкін.

Сонымен қатар UFC чемпионы мен өзге де үздік үміткерлердің де барлығы алдағы айларға өз қарсыластарын белгілеп қойған.

Айта кетейік, UFC 322 турнирінің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақ дәрежесінің чемпионы, австралиялық Джек Делла Маддалена мен ресейлік Ислам Махачев чемпиондық белбеу үшін айқасады. Ал Брэди мен Моралес арасындағы жеңімпаз дәл сол кеште титулдық жекпе-жекке басты үміткер атануы ықтимал.

Бұдан бөлек, 22 қараша күні Катарда өтетін маңызды жекпе-жекте Шавкаттың бұрынғы қарсыласы, ирландиялық Иэн Гэрри америкалық экс-чемпион Белал Мұхаммедке қарсы шығады.

Осылайша, аталған барлық қарсыластардың жекпе-жектері жоспарланып қойғандықтан, Шавкат Рахмоновтың 2026 жылдың басында октагонға кіммен шығатыны әзірге белгісіз. Бұл жағдай қазақ файтерінің UFC-дегі чемпиондық жолын уақытша тоқтатып тұр.