фото: icehockey.kz. Суретте: Әділ Бекетаев
Астаналық "Барыс" пен Қазақстан құрамасының хоккейшісі Әділ Бекетаев клубтағы қазақстандық ойыншылар мен легионерлер арасындағы қарым-қатынас жайлы әңгімеледі, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Ағылшын тілінде керемет сөйлей алмаймын, бірақ түсінісуге болады. Біз қонақжай, тату-жарасымды екенімізді көрсетеміз, әрдайым көмектесуге дайынбыз. Биылғы легионерлер де жақсы жігіттер – қарым-қатынасқа ашық. Тіпті бүкіл команда болып футболға барып, Қазақстан құрамасына жанкүйер болдық", – деді Бекетаев.
Қорғаушының айтуынша, команда шетелдік ойыншыларға арнап ұлттық тағамдардың дегустациясын ұйымдастырған.
"Біз оларға қазы мен басқа да дәстүрлі асымызды дайындап қойдық. Олар дәмін татты. Әрине, олар үшін біртүрлі көрінді – "қалай сендер жылқы етін жейсіңдер?" деп таңғалды. Бірақ жігіттер жарады, бәрін байқап көрді, – деді "Барыс" ойыншысы.
Бекетаевтың сөзінше, клуб легионерлері қазақстандық хоккеймен ғана емес, мұз айдынынан тыс команданың өмірімен де белсенді түрде танысып жатыр.