фото: "Барыс" – "Магнитка" матчынан бір үзік
Астаналық "Барыс" хоккей клубы Ромазан мемориалы аясындағы алғашқы ойында ресейлік "Магниткадан" (Магнитогорск) жеңіліп қалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қазақстандық клубтың алғашқы қарсыласы Жоғарғы хоккей лигасының өкілі – "Металлургтың" фарм-клубы "Магнитка" болды.
Кездесу Магнитогорскіде өтіп, елордалықтар 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық команданың жалғыз голын Семен Симонов соқты.
Айта кетейік, "Барыс" Ромазан мемориалында осы маусымда қосылған бірқатар легионерлерсіз өнер көрсетіп жатыр. Жаңа ойыншылардың арасынан жаттықтырушылар Эмиль Галимовты, Дмитрий Бреусты және Майкл Веккионені сынап көрді. Қалған легионерлер әзірге Астанада жаттығып, қажетті құжаттарының рәсімделуін күтіп отыр.
Бүгінгі кездесуде елордалық команданың капитаны болып Әділ Бекетаев тағайындалды.