Қазақ файтері Шавкат Рахмоновтың жаттықтырушысы Эдуард Базров шәкіртінің толыққанды жаттығуларға кіріскенін мәлімдеді, деп Sportinside.kz тілшісі "Спорт Шредингерге" сілтеме жасап хабарлайды.
Шавкат Рахмонов соңғы рет былтыр желтоқсанда октагонға шығып, төрешілер шешімімен Иэн Гэрриді жеңген еді. Жақында ол UFC-дің барлық салмақ дәрежелері бойынша үздік 15 спортшысының қатарына енді.
"Шавкат жаттығуын бастады. Қазір толыққанды дайындалып жатыр. Денсаулығында ешқандай мәселе жоқ. Жаттығуды жүз пайыз жасауға мүмкіндік бар. Дегенмен, жылдың соңына дейін оны жекпе-жекте көруіміз екіталай", – деді Базров.
Бұған қоса, жақында америкалық Шон Брэди қазақстандық спортшыға ашық түрде қарсылас болуға ұсыныс тастады. Әзірге тараған ақпаратқа сәйкес, олардың жекпе-жегі 22 қараша күні Катар астанасы Дохада өтетін турнирде ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл кездесуде UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі чемпиондық атаққа үміткер анықталатыны айтылып отыр.