"Тұңғыш қазақ": Шавкат Рахмонов UFC-де ешкім шықпаған белесті бағындырды

"Тұңғыш қазақ": Шавкат Рахмонов UFC-де ешкім шықпаған белесті бағындырды

фото: Jeff Bottari/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Шавкат Рахмонов

Қазақстандық ММА жауынгері Шавкат Рахмонов UFC промоушенінің барлық салмақ дәрежесі бойынша файтерлердің P4P рейтингіне енді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл – қазақстандық спортшының алғаш рет UFC-дің жалпы рейтингінде орын алуы. Қазіргі таңда Шавкат Рахмонов 15-орынға көтеріліп, осы позициядан жеңіл салмақтың бұрынғы чемпионы Чарльз Оливейраны ығыстырды.

Бұған дейін Қазақстаннан шыққан ешбір спортшы мұндай жетістікке жетпеген. Ал өз салмағында – жартылай орта дивизионда – Шавкат Рахмонов әлі де үшінші орында тұр.

Ең үлкен серпіліс БАЭ атынан сынға түскен Хамзат Чимаевқа тиесілі. Ол бірден 10 орынға көтеріліп, P4P рейтингінде төртінші сатыға жайғасты. Еске салсақ, Чимаев өткен демалыста Дрикус дю Плессимен өткен чемпиондық жекпе-жекте жеңіске жетіп, орта салмақта жаңа чемпион атанған еді. Ал дю Плесси жеті орынға төмендеп, 11-орынға түсті.

Ерлер арасындағы P4P рейтингінің көшін әзірге грузин Илия Топурия бастап тұр. Әйелдер арасында үздіктердің басында қырғызстандық Валентина Шевченко орналасқан.