фото: instagram.com/shavkatrakhmonov94. Суретте: Шавкат Рахмонов
UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсететін Шон Брэдидің командасы файтердің келесі қарсыластарын талқылап, соның ішінде Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізу жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Шанхайдағы турнир қарсаңындағы подкастта Брэдидің командасы файтердің қазір жекпе-жек іздеп жүргенін, алайда бұл дивизионның үздіктерімен кездесу оңай болмай тұрғанын жеткізді. Әңгіме барысында олар Шавкат Рахмоновтың отбасында орын алған қайғылы жағдайды – жұбайының жол апатына түскенін де еске салды.
"Ол (Брэди – ред.) жекпе-жекке дайын. Оған айқас қажет. Ол топ-5-тегі кез келгенімен жұдырықтасуға дайын екенін айтты. Камару Усманға ұсыныс жасаған. Ал Шавкатқа келсек, білесіздер, оның отбасында үлкен проблема болып жатыр. Қателеспесем, ол жол апаты еді. Қалғандары кім? Иан Гэрри бар, бірақ ол үнемі ақшаға да, басқаға да шағымданады", – деді Шон Брэдидің командасы.
Айта кетейік, бұған дейін "Спорт Шредингера" порталы Шон Брэдидің Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы болуы мүмкін екенін жазған. UFC ресми түрде жекпе-жекті жарияламағанымен, авторлар бұл айқас қараша айында Катарда өтетін турнирдің басты жекпе-жегі болуы ықтимал деп болжайды.