"Жауап алынды": Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына байланысты тергеліп жатыр

"Жауап алынды": Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына байланысты тергеліп жатыр

фото: instagram.com/mma_f1ghters_kz. Суретте: Шавкат Рахмонов

UFC-де өнер көрсететін танымал қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы – Гүлайым Рахмонова екі адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу амалдарына тартылды. Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.

Ведомствоның ресми мәліметінше, Гүлайым Рахмонова қазіргі уақытта қорғау құқығы бар куәгер ретінде тергелуде.

"Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазір азаматшадан қорғау құқығы бар куәгер ретінде жауап алынды. Ол Алматыдағы ауруханада ем қабылдап жатыр. Тергеу шараларының қорытынысына сәйкес оған қатысты қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданады", – делінген полиция мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, тергеу барысына қатысты басқа ақпараттар жарияланбайды. Бұл шешім ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына ("Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу") сәйкес қабылданған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмоновтың әйелі үшін тергеуге барған видеосы әлеуметті желіде тараған еді. Алайда бұл видеоларға арнайы фактчек жасағанда, мұның ешқандай сот немесе тергеуге қатысы жоқ екені анықталды. Шавкат Рахмонов осыдан 2 ай бұрын Алматы облысының прокуроры Берік Адамовпен кездескен. Кездесу барысында тараптар жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күрес және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелерін талқылады.