Қазақстандық спортшылар әлемнің үздіктерін тізе бүктіріп, тарихи жүлдені еншіледі

Қазақстандық спортшылар әлемнің үздіктерін тізе бүктіріп, тарихи жүлдені еншіледі

фото: olympic.kz. Суретте: Эльмир Әлімжанов

Қазақстан құрамасы Грузия астанасы Тбилисиде өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді. Жерлестеріміз командалық сайыста қола жүлдеге ие болды, деп Sportinside.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Семсер қаруымен сынға түскен ұлттық құраманың намысын Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов және Кирилл Проходов қорғады.

Жүлделі үшінші орынға таласта отандастарымыз әлемдік деңгейде мықтылар қатарында саналатын Франция құрамасымен кездесіп, қарсыластарын 45:31 есебімен сенімді түрде жеңді. Қазақстандық семсерлесушілер жекпе-жек басынан бастап айқын басымдық көрсетіп, матч соңына дейін оны уысынан шығарған жоқ.

Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет әлем чемпионатындағы командалық жарыста жеңіп алған медаль. Айта кетсек, бұған дейін 2023 жылы Руслан Курбанов жекелей сыннан қола медаль жеңіп алып, ел спортына алғашқы тарихи жүлдені әкелген болатын.