фото: olympic.kz. Суретте: Исхар Құрбаев
Бұған дейін Бішкекте өткен жастар арасындағы Азия чемпионатына U-20 Қазақстан құрамасының бірыңғай формаcыз аттанғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Енді бұл мәселеге 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Азия чемпионы атанған Исхар Құрбаевтың жағдайы қосылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Sportbugin.kz мәліметінше, грек-рим күресінен Азияның үздігі атанған Исхар Құрбаев жарысқа өзіне арнайы берілген формаcыз барған.
"Негізі, командаға форма берілген. Бірақ маған және тағы бір жігітке жетпей қалды. Кейін салып жібереміз деп айтқан, бірақ әлі жоқ", – дейді Исхар Құрбаев.
Айта кетейік, Исхар биыл Вьетнамда өткен Азия біріншілігінде 23 жасқа дейінгі балуандар арасында чемпион атанды. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған болатын.
Белгілі болғандай, Олимпиадаға даярлау орталығы 2025 жылы тек U17 құрамасына ғана форма тіктірген. Ал U23 командасы олардың құзыретіне кірмейтінін мәлімдеген.
Демек, Исхар Құрбаев қатысатын U23 құрамасының толық жабдықталуы Қазақстанның күрес түрлері федерациясының жауапкершілігінде. Алайда, өкінішке қарай, федерация бұл міндетті толық орындай алмай отыр.