фото: Dalanews.kz коллажы. Суретте: Айдын Сәрсекеев, Дәулет Тұрлыханов
Қазақстан күресінде тағы бір даулы жағдай орын алды. Грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар құрамасының бас бапкері Айдын Сәрсекеев Азия чемпионатына өз қалтасынан қаржы шығарып барғанын мәлімдеді. Қаржылық қиындықтарға байланысты ол беделді банктен 500 мың теңге несие алып, Бішкекке өткен жарысқа қатысқан. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бапкердің айтуынша, Олимпиадалық даярлау орталығы жарысқа барлық спортшыны апаруға мүмкіндіктің жоқ екенін айтып, құрамнан бір балуанды қысқартуды ұсынған. Алайда, Сәрсекеев спортшыны сыртта қалдырғысы келмеген.
"Барлық бала жарысқа аттанып жатқанда, біреуін қалып кетіру – бапкер үшін өте ауыр шешім. Сондықтан маған бөлінген ақшаны сол балуанға беріп, өзім несиемен бардым. Барлығы – жол, жатын орын, тамақ – 480 мың теңге кетті. Қазір сол шығын бойынша есеп беріп қойдым. Ұйым уәде етіп отыр: ақшаны қайтарамыз деп", – деді ол.
Мәселе тек қаржыда емес. Команда жарысқа бірыңғай форма киіп бармаған. Айдын Сәрсекеевтің айтуынша, балуандар марапаттау рәсіміне бір-бірінің формасын ауысып киіп шыққан.
"Тіпті бірдей форма да болмады. Азия чемпионатына әркім өзінде бар спорттық киіммен барды. Ала-құла жүрдік. Форманы енді әлем чемпионатына дейін дайындап береміз деп отыр", – деді бапкер.
Осы жағдайға байланысты Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы Жандос Үшкемпіров өз жауабында:
"Форма берілді емес пе?" – деп, бұл мәселеден бейхабар екенін білдірді.
Кейін орталық басшысының орынбасары Әділет Кусманов түсініктеме берді:
"Азия чемпионатына дейін форманы тігіп үлгермедік. Бұған дейін бұл істі қолға алған жеке ұйым жұмысты соңына дейін жеткізбегендіктен, форманы қайтадан өзіміз тігуге мәжбүр болдық. Вьетнамдағы U17 және U23 чемпионаттарына форма берілді. Басшымыз сол жарыстардағы жағдайды айтқан болуы мүмкін. Ал Сәрсекеев мырзамен бұл шешім келісілген – ол өз орнын спортшыға беріп, жарысқа жеке барды. Қаржы барлық спортшыға жетпеді".