фото: facebook.com/d.dariabek. Суретте: Торғын Жолдасбекқызы
Торғын Жолдасбекқызы – өмірден 37 жасында өткен, жазушы, радиожүргізуші, "Кеш қалма", "Араша", "Пана" кітаптарының авторы. Ол 25 жасынан бастап сирек кездесетін дертпен арпалысып, соңына дейін күрескен тұлға еді. Бір сұхбатында:
"Алла мені мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын айтсын деді ме, мені арбаға отырғызды", – дегені ел есінде қалған.
Алайда Торғынның 5 жыл бұрын көтерген мәселелері әлі күнге дейін шешімін таппады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріндегі қиындықтар – бұрынғы күйінде. Журналист Гүлбану Әниятқызы:
"Көркі мен қабілеті ерекше, ешқашан рухы сынбаған Торғынмен Айнаш Есәлі әріптесім 5 жыл бұрын сұхбаттасып, еш жерге шықпаған әңгімесін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялапты. Ықшамдап, инстаға ыңғайлап өздеріңізге ұсынамын" – деп жазды.
Арбаға танылған Айгүлдің тағдыры – мыңдаған ананың мұңы
Журналистік зерттеу барысында есімі өзгертілген кейіпкер – Айгүлдің оқиғасы баяндалады. 24 жастағы бойжеткен алты жыл бұрын жол апатына түсіп, мойын омыртқасы үзіліп, бірінші топтағы мүгедек болып қалған. Ол төсекте ғана емес, толықтай анасының күтіміне тәуелді. Жуына алмайды, тамақтана алмайды, сөйлесе де алмайды. Анасынан басқа қамқоршысы жоқ.
Анасы 49 жаста. Қызын жуындыру, тамақтандыру, киіндіру – бәрін өзі атқарады. Жұмыс істей алмайды. Ешқандай табыс көзі жоқ. Бірақ солай бола тұра, анасының ресми көмекші ретінде танылуының жолы жабық. Заңгерлік сауаттың жетіспеушілігі салдарынан тиісті органдардың "Сіздің көмекші атану құқығыңыз жоқ" деген бір ауыз сөзіне сеніп отыр.
"Қарсылассам, қызым ай сайын алатын 65 000 теңгелік жәрдемақысынан айырылып қалар ма екен?" – деген қорқыныштан артық әрекетке бара алмайды.
Жүйесіз жүйе, ескірген құралдар, жабық есік
Бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар жандар үшін 80-жылдардың протездері әлі де қолданылып келеді. Арнайы жабдықтар, техникалық көмекші құралдар –ескірген. Жаңа заң жобалары қабылданғанымен, нақты орындалу жағы ақсап тұр. Ал мүгедектігі бар балаларға қатысты заңдар бөлек мәселе. Жүйенің өзінде күрделі олқылықтар көп.
Жанайқайға құлақ асар кез келді
"Арбаға, төсекке таңылған, жанары солған, естуден айырылған, екі аяғынан айырылған, жүрегі сыртында, асқазаны жоқ... біздер бармыз. Көппіз. Арманымыз бар, мақсатымыз бар. Үкіметтен аз да болса қолдау керек. Біз үнсіз ұзақ шыдадық. Біз үйіміздің пандусынан аттай алмаған соң, елімізді көркейтуге үлесімізді қоса алмадық..." – дейді Торғын Жолдасбекқызы осыдан бірнеше жыл бұрын.
Қазақ "тас түскен жеріне ауыр" дейді. Ауырды көтеріп жүрген жандардың жанайқайын енді естімейтін болсақ, заң да, мемлекет те – арбада емес, санада мүгедек болып қалмақ.