фото: Tengrinews.kz/Санжар Мустафин. Суретте: Перизат Қайрат
Перизат Қайрат ісі бойынша өткен сот отырысында күтпеген сәт болды: жәбірленуші куәлік беру барысында эмоциясын ұстай алмай, «Капец!» деп дауыстап айтып қалды. Бұл сәт желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушысы Жанерке Сатқынбекова онлайн байланыс арқылы куәлік берді. Ол мектеп ұжымы Перизат Қайраттың қорына су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 2,9 миллион теңге аударғанын айтты. Жеке өзі 10 мың теңге аударған.
Жәбірленушіге прокурордан кейін сұрақ қойған Перизат Қайраттың сөздері көпшілікке күлкілі әрі шамадан тыс күмәнді болып көрінді. Ол жәбірленушіден:
– Нақты қандай дәлелдеріңіз болды? Қаржы мониторингі агенттігі сізге ақша ұрланды деп айтты ма? – деп қайта-қайта сұрап, өзін ақтауға тырысты.Жанерке Сатқынбекова өз жауабында:
– Біз үш күн түнеп, балалармен бірге бәліш пісіріп, жәрмеңке ұйымдастырдық. Ол ақша жетім-жесірге жетсін дедік. Мені де ренжітеді бұл жағдай, – деді.Сот сөз соңында куәлікті тоқтатып, алғысын білдіргенде, Жанерке Zoom-нан толық шықпай жатып, телефонына қарап:
– «Капец!» – деп айтып қалды. Бұл сөз желіде тез таралып, оқиғаның эмоционалды тұсын анық көрсетті.