фото: SN.kz
Жетісу облысы, Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында сұмдық қылмыс орын алды. 32 жастағы Айзат Жуманованы күйеуі қатыгездікпен азаптап өлтірді деген күдікпен тергеу басталды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, отбасылық жанжалдан кейін Айзат бірнеше сағат бойы ауыр азапқа салынған. Оның денесінде сау жер қалмаған. Медициналық қорытындыда бас сүйек-ми жарақаты, ми ісінуі, бас сүйегінің сынуы, қол-аяқ, жамбас сүйектерінің бірнеше жерден сынуы, сүйрелген іздер мен ауыр дене жарақаттары анықталған.
Туыстары Айзаттың қолы арқанмен байланып, атқа таңылып, далада сүйрелгенін айтады. Марқұмның анасы Салтанат Жуманова:
"Құдды бір көне дәуірдегі жаза секілді – байлап, сүйреген. Денесінде бүтін сүйек қалмады..." – дейді.
Айзаттың соңғы жуындыру рәсіміне қатысқан әпкелері оның білектерінде тері қалмағанын, денесінің түгел жараланғанын айтып, көз жасына ерік берген.
"Киімін шешкенде бәріміз жылап жібердік. Анам талып қалды. Еш жері аман емес еді", – дейді әпкесі.
"Бұл – ұзақ уақыт азаптаудан болған. Қарапайым төбелестен немесе құлаудан ондай жарақаттар болмайды", – дейді фельдшер болған тәтесі Раушан Дәуренбекова.
Айзаттың екі жасар қызы қылмыс куәсі болған. Қазір ол терең психологиялық күйзеліске түскен.
"Бала сөйлей алмайды. Таңертең анасының атын сыбырлап отырады. Түнде ұйықтай алмай, көлеңкеден қорқады. Ол – үнсіз куәгер", – дейді туыстары.
22 маусым күні түнгі 02:30-да Айзат облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, жарты сағаттан соң көз жұмғаны тіркелген. Бірақ туыстары ол кезде марқұмның тіршілік белгілері болмағанын айтады. Бұдан бөлек, ауруханаға апармас бұрын оның денесі жуылып, басқа киім кигізілген. Киімде қан немесе зорлық-зомбылық ізі болмаған. Туыстары мұны қылмыстың ізін жасыру әрекеті деп есептейді.
Куәгерлердің айтуынша, күйеуі ауруханада да мас күйінде агрессивті әрекет көрсеткен.
Қазір тергеу ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі – "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкеп соғу" бойынша жүргізіліп жатыр. Алайда туыстары бұл баппен келіспейді. Олар істі "Айрықша қатыгездікпен жасалған қасақана адам өлтіру" деп қайта саралауды талап етуде.
"Бұл – жоспарлы азаптау. Абайсызда емес. Саналы түрде әрекет еткен. Соңынан ізін жасыруға тырысты", – дейді жақындары.