Сұмдық жағдай: 2010 жылғы Олимпиаданың қаһарманы найзағай соққысынан көз жұмды

Сұмдық жағдай: 2010 жылғы Олимпиаданың қаһарманы найзағай соққысынан көз жұмды

фото: freepik.com. Суретте: найзағай көрінісі

Кеше Норвегияның танымал спортшысы, Ванкувердегі 2010 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эудун Гренвольд қайғылы жағдайда қаза тапты. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.

Норвегияның шаңғы спорт федерациясы мәлімдегендей, 49 жастағы спортшы жаяу серуен кезінде найзағайға түсіп, ауыр жарақат алған. Ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Федерация президенті Тове Мо Дюрхауг Эудунды фристайл мен тау шаңғысы спортына зор үлес қосқан ерекше тұлға деп атап өтті:

"Норвегия шаңғы спорты өз саласына үлкен еңбек сіңірген азаматынан айрылды. Эудун кәсіби спорттағы жарқын мансабынан кейін жастарды жаттықтырып, ұлттық құрамада бапкер болды. Оның орны толмас" – деп Тове Мо өз өкінішін білдірді.

Эудун Гренвольд бастапқыда тау шаңғышысы ретінде жарысқа қатысқан. 2004 жылы фристайлға ауысып, ски-кросс бойынша өнер көрсетті. 2007 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, сол жылы Әлем кубогының жалпы кезеңін ұтты. Ванкувер Олимпиадасында да ски-кросстан қола алған соң, спорттық мансабын аяқтап, бапкерлікке кірісті.

Найзағай кезінде қалай тығылуға болады?

Құтқару қызметінің ресми сайттарында найзағайдан сақтану үшін төмендегідей кеңестер ұсынылады:

  • Ашық далада жалғыз қалмау, ең төменгі жерге тығылу;
  • Суға жақындамау, шомылмау, балық ұстамау;
  • Телефонды сөндіріп қою;
  • Металл заттар мен металл сабақты қолшатырды қолданбау;
  • Биік жалғыз ағаштан аулақ болу – орнына аласа, тығыз ағаштардың арасында отырған жөн.

Найзағайдың адамға соғуы салдарынан тыныс пен жүрек тоқтап, күйік іздері қалуы мүмкін.