фото: sportinside.kz. Суретте: Назым Қызайбай мен Бусеназ Сюрменали
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай әлеуметтік желіде ерекше видео жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Күні кеше жолға шықтық, Қайыңды мен Көлсайға бардық. Бізбен бірге Тұрарбек атамыз, Ілдірім атамыз да алдымызда жүріп отырды. Жол бойында оның інісі бізге арнайы дастархан жайып қарсы алды. Бусеназ алғаш рет қазақтың қонақ күту салтын көрді. Дәстүр бойынша, дастархан басына ет пен қойдың басы әкелінді. Бұл, әрине, ол үшін өте ерекше әрі күтпеген жағдай болды.
Асымызды ішіп болған соң, жолды жалғастырдық. Көп ұзамай тағы бір үйге қонаққа соқтық, ол жерде де үлкен дастархан жайылып, ет пен қойдың басы ұсынылды. Кейін атамыздың ауылына барып, көліктерімізді қалдырып, басқа машинада Қайыңдыға жол тарттық. Табиғаты ерекше сұлу, суретке түсіп, серуендеп, таза ауамен тыныстадық. Үйге қайтқан соң, далада табиғат аясында, бұлақтың жанында арнайы шақырылған аспаздар дайындаған кәуәптан дәм таттық. Таза суда балықтар жүзіп жүрген, жанымыз жай тапты", – деп жазды Назым Қызайбай.