фото: Getty Images. Суретте: Есбол Сұлтанов
Қазақстан спортындағы кезекті дау ел арасында үлкен резонанс тудырды. Белгілі журналист Диас Нұрақынның жазуынша, таэквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанның кезінде жалған құжат жасап, жасы кішілер арасында жарыстарға қатысқаны әшкереленіп отыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"2001 жылы Есбол Ерден есімімен Азия чемпионатына қатысып, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында алтын медаль еншілеген. Алайда оның жасы сол кезде 21-де болған. Яғни, 1981 жылы туған спортшы, өз жасын 1984 жыл деп көрсетіп, заңсыз жолмен жүлдеге ие болған", – деп жазады автор.
Бұл ақпараттар ғаламторда ашық таралып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Дереккөздердің мәліметінше, Есбол Сұлтан 1997 жылы Шымкент қалалық АХАЖ бөлімінен алған төлқұжатына сүйеніп жүріп, 2000 жылы Қазығұрт ауданында қайтадан жалған туу туралы куәлік жасап алған. Жасы 3 жылға "кішірейтілген" құжат арқылы 2005 жылға дейін жарыстарға қатысып, түрлі деңгейде марапаттарға ие болған.
Бұл туралы құқық қорғау органдары да хабардар болыпты. Алайда, "қылмыстың жасалғанына 25 жыл болғандықтан, істі қысқартып, жауапкершілікке тартудан бас тартқан" дейді ресми дерек.
"Жалған құжат жасау – бұл тек заң бұзушылық емес, бұл таза спортқа жасалған опасыздық. Өзі заңсыз жолмен чемпион болған адам ұлттық құраманы басқаруға құқылы ма?" – деген пікірді желі қолданушыларының бірі білдірді.
Бұл дауға байланысты Диас Нұрақын Есбол Сұлтанға хабарласуға тырысқанымен, бапкер тарапынан ешқандай жауап болмаған. WhatsApp арқылы да хат жолдағанын, бірақ жауап болмағанын айтады.
Әлеуметтік желіде жарияланған мақалаға көптеген азаматтар пікір қалдырған. Мәселен: "АХАЖ бөлімін де жауапқа тарту керек. Осындай жалған құжаттарға жол бергені үшін", "Бізге керегі – нәтиже. Егер сол нәтиже заңсыз жолмен келген болса, онда бәрі бос сөз!», "Құжат қолдан жасау – қылмыс. Жасын кішірейтіп, спорт алаңында балаларды жеңу – масқара! Мұндай нәтижелердің бәрі жоққа шығарылуы керек".