"Халықты дамбалға теңеді": Ырысбала Икрамбайдың әрекеттерін блогер әшкереледі (ВИДЕО)

"Халықты дамбалға теңеді": Ырысбала Икрамбайдың әрекеттерін блогер әшкереледі (ВИДЕО)

фото: әлеуметтік желіден. Суретте: Ырысбала Икрамбай

Белгілі қоғам белсендісі, блогер Серік Жаңқабай әлеуметтік желідегі парақшасында қайырымдылық жобаларымен танылған Рысбала Икрамбайға қатысты өткір мәлімдеме жасап, оның әрекеттерін тексеруді құзырлы органдардан талап етті.

Жаңқабайдың айтуынша, атышулы Перизат Қайрат ісінен кейін қоғамның көзі ашылып, енді Рысбала Икрамбай секілді "жақсылық жасаушы" кейіпіндегі тұлғалардың көлеңкелі істері де назарға іліге бастады.

"Бір күнде 30-40 миллион теңгеге сауда жасай салатын, қымбат көлік пен алтын бұйымдарды лоторея арқылы үлестіретін, бүгінде Қытай мен Дубайда шалқып өмір сүріп жүрген Рысбаланың артында кім тұрғаны қызық. Осыншама байлық пен еркіндіктің қайдан келгені түсініксіз", – деп жазады Жаңқабай.

Белсендінің сөзінше, Рысбала жалғызбасты ана Гүлімге пәтер сыйлаймын деп, оның үйіне барып видео түсіріп, желіге салып, елден бірнеше миллион теңге жинаған. Алайда кейін бұл уәдесін орындамай, керісінше әлгі әйелді қорқытып, әкімдік пен полицияны араластырған.

"Бұл – бір ғана оқиға. Ал ондай зардап шеккендер саны әлдеқайда көп болуы мүмкін", – дейді блогер.

Серік Жаңқабай Рысбала Икрамбайдың халықты “дамбалға теңеп”, өзін сынағандарға ауыр сөз айтып, қарғауға дейін барғанын да ашына атап өтті.

"Мұның бәрі – көп нәрсенің шеті шыққанын көрсетеді. Қазақстанда лотерея ұйымдастыруға тек екі компания ғана ресми лицензия алған. Ал басқа коучтар мен блогерлердің мұндай әрекеттері заңсыз. Бұл – Үкімет пен тиісті органдардың, соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігінің шұғыл араласуын қажет ететін мәселе", – деп жазды Жаңқабай.