Үндістанда 114 жастағы әлемдегі ең қарт марафоншы жол апатынан қаза тапты

Үндістанда 114 жастағы әлемдегі ең қарт марафоншы жол апатынан қаза тапты

фото: Keshav Singh/Hindustan Times via Getty Images. Суретте: Фауджа Сингх

Әлемдегі ең қарт марафоншы атанған Фауджа Сингх Үндістанда жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмды. 114 жастағы қария үйінің маңында жолдан өтіп бара жатқан кезде жол талғамайтын көлік қағып кеткен, деп Sportinside.kz тілшісі CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға оның туған ауылында болған. Көлік соққаннан кейін Сингхті бірнеше метрге лақтырып жіберген. Жүргізуші оқиға орнынан бой тасалап кеткен, қазір полиция оны іздестіруде.

Марқұм ауруханаға жеткізілгенімен, алған ауыр жарақаттарынан қайтыс болған. Оқиға орны үйінен бар болғаны 400 метр жерде тіркелген.

Фауджа Сингх 1911 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Жастайынан жүгірумен айналысып, алғашқы марафонына 89 жасында қатысқан. 2003 жылы өз жас санатында әлемдік рекорд орнатқан. Ал 2011 жылы 100 жасында марафонды сәтті аяқтап, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын.

Үндістандық желаяқ өз елі мен әлем жұртшылығының құрметіне ие болған. Көпшілік оны "Сәлдедегі торнадо" деп атап кеткен.