Спорт министрі Халықаралық дзюдо федерациясында лауазымды қызметке тағайындалды

Спорт министрі Халықаралық дзюдо федерациясында лауазымды қызметке тағайындалды

фото: Туризм және спорт министрлігі. Суретте: Ербол Мырзабосынов

Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) Директорлар үйлестіру комитетінің мүшесі атанды. Бұл комитет – дзюдо спортын жаһандық деңгейде дамыту мен халықаралық серіктестікті үйлестірумен айналысатын аса маңызды құрылым, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Аталған ақпаратты IJF президентінің кеңесшісі, кәсіпкер әрі меценат Алмаз Әлсенов өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында жариялады. Айта кетейік, Әлсенов бұл лауазымды 2023 жылдан бері атқарып келеді.

Директорлар үйлестіру комитеті – Халықаралық дзюдо федерациясының басты стратегиялық органдарының бірі. Оның негізгі міндеті – халықаралық спорттық саясатты қалыптастыру, құрлықаралық байланыстарды нығайту және континенттік дзюдо одақтарымен нәтижелі әріптестік орнату. Комитет құрамына спорт, мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар салаларында үлкен тәжірибесі бар беделді тұлғалар кіреді.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру жөніндегі комиссиясына мүше болғаны хабарланған еді.