фото: Kazinform. Суретте: Асхат Нұрмашев пен Перизат Қайрат
Астанадағы атышулы қылмыстық іс бойынша бүгін сот процесінің екінші эпизоды қарала бастады. Сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі ретінде сөз алған "Асар-Уме" қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға 200 миллион теңге көлемінде қаражат аударғанын мәлімдеді.
Нұрмашевтің айтуынша, 2023 жылдың қараша айында Израиль мен Газа секторында шиеленіс күшейіп тұрған тұста, Перизат Қайрат өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында және түрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Палестина елшілігінің қолдауымен зардап шеккендерге көмектесіп жатқанын жариялаған.
"Перизаттың Палестина елшілігімен меморандум жасағанын көрдік. Осыдан кейін бізде оған деген сенім пайда болды. Сол себепті "Асар-Уме" қоры атынан 200 миллион теңге аудардық", – деді Асхат Нұрмашев сот залында.