фото: Alash.kz коллажы. Суретте: Сара Тоқтамыс пен Нұрсұлтан Назарбаев
Айтыс өнерінен уақытша алыстап кеткен танымал айтыскер ақын Сара Тоқтамыс тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты бұрын-соңды айтылмаған естелігін бөлісті. Сонымен қатар, бүгінгі айтыскер жастарға қатысты пікірін ашық білдірді.
Ақын ел алдындағы жауапкершілік жайлы айта келе, шындықты айту мен популизмнің ара-жігін ажырата білу қажеттігін алға тартты.
"Айтысқа шыққанда кез келген ақыннан "Сен шындықты айттың ба?" деп сұрайды. Бірақ мен айтамын: абсолютті шындық тек Құранда ғана. Өз көзіңмен көрмеген оқиғаны талқылау – жеңіл шаруа. Айтыс сахнасында халықтың, ұлттың, жер-жердің проблемасын көтереміз. Бірақ кейбір жас ақындар өзінің туғанынан бұрынғы кезең – Назарбаев дәуірін сынауға бейіл. Соларға: "Сен ол кезде дүниеге де келмегенсің, шындықты айт, халық оны түсінеді", – деп кеңес берем", – деді Сара Тоқтамыс.
Ақын өзінің айтыстағы ұстанымының зерттеу мен пайымға негізделетінін баса айтты. Ол үшін кез келген мәселені ақылмен жеткізу маңызды.
"Ханның басын хан алар" деген сөз бар. Отырып алып, "президентті сынау керек" деп, дәлелсіз, уәжсіз сөйлеу – мәдениетсіздік. Құранда да "Патшаңа қарсы шықпа" делінген. Сондықтан мен:
"Бір жақтан аю тісін ақситады,
Бөлінсең быт-шыт қылып талаймын деп,
Мына жақтан айдаһар ысылдайды,
Тоз-тозыңды шығарып тонаймын деп,
Үш жүздің басын қосқан Нұр ағама,
Жарасады жасасаң да қандай құрмет..."
– деген жыр шумақтарын айтқанмын. Сол кезде Конгресс Холда отырған халық көзіне жас алды, шапалақтады. Бұл – елдің ниеті мен ықыласы", – деп есіне алды ақын.
Сара Тоқтамыс сондай-ақ өзін "Назарбаевтың адвокаты" деп әзілдейтіндерге де жауап берді:
"Мұнда жағыну жоқ. Ақын деген – ойы терең, сөзі салмақты адам. Саясатты да, елдің жағдайын да терең пайымдап жеткізуі тиіс", – деді ол.