Головкинді тоқтатқан мексикалық Канело "МузАрттың" әнін тыңдап, рақаттанып жүр (ВИДЕО)

Головкинді тоқтатқан мексикалық Канело "МузАрттың" әнін тыңдап, рақаттанып жүр (ВИДЕО)

фото: Әлеуметтік желіден. Суретте: Бек Нұрмағанбет пен Сауль "Канело" Альварес

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет (14-0, 12 KO) Мексиканың атақты чемпионы Сауль "Канело" Альвареспен (63-2-2, 39 KO) бірге серуендеп жүрген сәтін түсіріп, Instagram парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жанкүйерлер бұл бейнежазбаны ерекше жылы қабылдап, таңданыстарын жасырмады.

"Канело" братанмен қыдыртып жүр", – деп жазды Бек Нұрмағанбет видеоның сипаттамасында.

Кадрда қос боксшының қасында мексикалық чемпионның жеке бапкері Эдди Рейносо да бірге жүргені байқалады. Видеоны ерекше еткен жайт – артқы фонда ойнап тұрған қазақстандық танымал топ "МузАрттың" әні.

Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет ұзақ уақыттан бері Сауль Альварестің жаттығу залында дайындалып келеді. Ол "Канелоның" тұрақты спарринг-серіктесі және жаттығу процесіне белсенді қатысады. Қазіргі таңда оны мексикалық мега-чемпионның жеке бапкері Эдди Рейносо жаттықтырып жүр.

Бастапқыда Бек Нұрмағанбет 2025 жылдың 12 шілдесінде Мексикада кезекті жекпе-жегін өткізуі тиіс болатын. Алайда белгісіз себептермен бұл кездесу кейінге қалдырылған.

Еске салсақ, Бек Нұрмағанбет соңғы рет 6 сәуірде АҚШ-тың Филадельфия қаласында рингке шығып, коста-рикалық Энкарнасьон Диасты (20-6, 11 KO) алғашқы раундта-ақ нокаутпен жеңіп, көрерменді тәнті еткен еді.