"Дәрігерлер бақылауында": Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайы туралы тың дерек шықты

"Дәрігерлер бақылауында": Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайы туралы тың дерек шықты

фото: elbasy.kz. Суретте: Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаева

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаева қазір де ауруханада ем қабылдауда. Бұл туралы 2025 жылғы 14 шілдеде Informburo.kz жолдаған ресми сауалға жауап берген Президент істері басқармасына қарасты Медициналық орталықтың Ұлттық госпиталі (бұрынғы Совминка) мәлім етті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Сәуір айында әлеуметтік желілерде Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тараған болатын. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай оның тірі екенін және ем қабылдап жатқанын растаған еді.

"Пациент қазіргі уақытта ем алу курсынан өтіп жатыр. Барлық медициналық шаралар тиісті стандарттарға сәйкес атқарылуда және білікті дәрігерлердің бақылауында", – деп хабарлады аурухана әкімшілігі.

Алайда клиника оның нақты диагнозы мен денсаулық жағдайын жария етпейтінін атап өтті. Себебі бұл мәліметтер медициналық құпияға жатады және науқастың жазбаша келісімінсіз жарияланбайды.

"Медициналық ұйымдар медициналық этика мен кәсіби жауапкершілікке сай, әр науқастың жеке мәліметтерін құпия түрде сақтауға міндетті. Бұл – пациенттің заңды құқықтары мен жеке өміріне құрметпен қараудың және емдеу процесіне сырттан ықпал етуге жол бермеудің бірден-бір жолы", – деді мекеме өкілдері.

Айта кетейік, Сара Алпысқызы Назарбаева биыл ақпан айында 84 жасқа толған болатын.