"Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой": еңбек вице-министріне сұрапыл сұрақтар қойылды

"Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой": еңбек вице-министріне сұрапыл сұрақтар қойылды

фото: Ulysmedia.kz

4 маусым күні Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында бір үйдің бес баласы ыс тиіп қайтыс болды. Үйдің ішіндегі небәрі 30 шаршы метр жер өртеніп, ең үлкені 6 жаста, кенжесі 2024 жылы туған бүлдіршіндер ауруханада көз жұмды. Өрт кезінде ата-аналары жұмыста болған.

Қайғылы жағдайдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкімет отырысында баяндама жасағанымен, журналистердің сұрағына жауап беруге шықпады. Бұл үнсіздік қоғамда "Министр неге пікір білдірмейді?" деген ашық сұрақ тудырды.

Виктория Шегайдың жауабы жұртты қапаландырды

Министрдің орнына журналистердің алдында вице-министр Виктория Шегай жауап берді. Оның жауабынан күнкөріс минимумы өспейді, ал бес баласы көз жұмған отбасыға уақытында барынша көмектестік деген сыңай аңғарылды.

"Күнкөріс минимумы инфляция деңгейіне қарай ғана индексацияланады. Бұл тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің емес, жалпы экономикалық блоктың ортақ шешімімен ғана өзгертіледі. Қазіргі уақытта күн тәртібінде ондай мәселе жоқ", – деді вице-министр.

Оның айтуынша, отбасында кішкентай баласы үшін 134 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалған, ал әкесінің табысы – 190 мың теңге. Нәтижесінде әр адамға шамамен 47 мың теңге жұмсауға тура келген. Журналистердің: "Сіз осындай қаражатпен өмір сүре алар ма едіңіз?" деген сұрағына Шегай:

"Мен де көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ата-анам бізге бәрін беруге тырысты. Өзім үш баланың анасымын. Бұл сұраққа жауап беруге құзырлы емеспін", – деп жалтарды.

«Онда бұл сол отбасының таңдауы ма?» – бұл сұрақ жауапсыз қалды

Шегайдың жауабынан кейін журналистер: "Бұл сол отбасының таңдауы болды ма?" деп сұрады. Бірақ бұл сұраққа жауап берместен, модератор келесі сұраққа өтуін өтінді.

Кейінірек, тілшілер вице-министрге "бес баланың өліміне қатысты министрдің неге мәлімдеме жасамағанын" сұрады. Бұл сұраққа да нақты жауап берілген жоқ.

Жергілікті билік не дейді?

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың жауабы да жұрттың ашуын тудырды. Ол отбасының балабақшаға өтініш бермегенін, сондықтан ата-ананың өзі кінәлі болуы мүмкін екенін меңзеді:

"Анасы үйде отырған сияқты, өйткені әр баланың арасы бір жылдан. Балабақшаға өтініш түспеген", – деді әкім.

«Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой»

Ulysmedia.kz тілшісіне сұхбат берген марқұм балалардың туысы:

"Бес төмпешік болып қалды да барды. Бір күнде. Жағдайы, үйі жоқ, күйі жоқ адам қандай болады?.. Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой", – деп көз жасын әрең тоқтатқан.