фото: kff.kz. Суретте: футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Қазақстан ұлттық құрамасы Солтүстік Македониядан 0:1 есебімен жеңілгеннен кейін қоғамда бұл команданың ішкі құрылымы, рухы және басқару жүйесіне қатысты сұрақтар қайта көтеріле бастады. Осыған байланысты белгілі комментатор Ермұхаммед Мәулен Fonteam YouTube арнасына берген сұхбатында ұлттық құраманың ішкі атмосферасына қатысты шынайы әрі өткір пікірін білдірді.
Ермұхаммед Мәулен өз сөзінде команданың негізгі анықтамасын қарапайым түрде түсіндірді:
"Команда деген не? Ол – сен, мен, үшеуміз. Fonteam, жұмыс істейтін адамдар. Бәріміз бір командамыз. Бәріміздің тіліміз бір, ортақ мүддеміз бар. Бәріміздің деңгейіміз бір", – деді ол.
Алайда, комментатордың айтуынша, қазіргі Қазақстан құрамасында бұл принциптер мүлде сақталмайды. Команданың артында әр жақтан жиналған, түрлі тілді, түрлі менталитеттегі мамандар бар екенін ашық айтты.
Мәулен ұлттық құрама жанындағы бапкерлік штаб пен техникалық персоналдың кім екеніне назар аудару керек екенін айтты:
"Қазақстан ұлттық құрамасын дайындап, алаңға шығарып отырған адамдар кімдер? Сен сұрақ қойдың ба өз-өзіңе? Бас бапкер, ассистенттер, қақпашылар бапкері, физподготовка, массажистер, фитнес инструктор, аналитик, диетолог, менеджер – бәрі бар. Олар кімдер?"
Оның айтуынша, құраманың басым бөлігін шетелдік мамандар құрайды. Олар бір-бірімен ортақ тілде сөйлегенімен, ойыншылармен байланыста мәселе туындайды. Бұл ұлт намысын қорғайтын құрама үшін өте қауіпті фактор.
Комментатор өз ойын салыстырмалы түрде нақтылап, былай деді:
"Мен Дженнаро Гаттузо келіп, жеті италиялықпен жұмыс істесе түсінер едім. Олар бірін-бірі түсініп, бір тілде сөйлеп, бір мүдде үшін жұмыс істесе... Ал бізде ше? Бірі орысша, бірі ағылшынша, бірі мүлде басқа жүйеден келген. Бұдан қандай командалық рух, қандай нәтижелі жұмыс күтуге болады?"