"Әйелім жылап отыр": Елдос Колобок ұрығы жоқ деген дәрігерге қарсы шықты (ВИДЕО)

"Әйелім жылап отыр": Елдос Колобок ұрығы жоқ деген дәрігерге қарсы шықты (ВИДЕО)

фото: SN.kz

Әлеуметтік желіде "Колобок" деген атпен танымал блогер Елдос "Экомед" клиникасының қызметкері Перизат Байқошқарованың тарапынан өзіне қатысты айтылған сөздерге жауап беріп, көпшіліктің назарына өз шындығын жеткізді.

Елдостың айтуынша, ол мен жары клиника қызметіне қарапайым пациент ретінде жүгініп, ешқандай жарнамаға келісім бермеген. Олардың мақсаты тек өздері секілді бала сүйгісі келетін жұптарға қолдау көрсету және жақсы клиниканы ұсыну болған. Алайда, желіде тараған бейнежазба жұбайын қатты күйзелтіп, жан жарасына айналған.

"Біз ел қатарлы пациентпіз! Ақысын төлеп, қызмет алдық. Жарнама жасауға келіспедік. Жай ғана балаға зәру жандар білсін дедік. Бірақ, енді өзімізді қорланып, өкініп отырмыз", – деп жазды ол.

Блогер дәрігердің бейнероликте толық емес, түсініксіз ақпарат таратқанын, бұл өз кезегінде ел ішінде әртүрлі алып-қашпа әңгімеге ұласқанын айтады.

"Кеше ғана мақтап отырған клиникаға өкпеміз қара қазандай болып отыр. Халық бәрін дұрыс түсінбейді. Біреу әңгімесін бастап, соңын айтпаса, ол тек шатаққа ұласады. Медициналық этика қайда қалды?" – дейді Елдос.

Ол сондай-ақ жарының жылағанын көру өзіне тым ауыр тигенін жасырмады.

"Жарыммен бірге жылап жүрдік. Енді, Аллаға шүкір, бала сүю бақытына жеткен сәтте, ол тағы да көзіне жас алып отыр. Бұл жолы – өзге адамның жауапсыз сөзі себеп болды. Біз ешкімге жамандық тілемейміз. Тек елге шындықты жеткізгіміз келді", – деп түйіндеді блогер.