Илья Ильиннің ізімен: Қазақстан зілтеміршілері Азия чемпионатында топ жарды

Илья Ильиннің ізімен: Қазақстан зілтеміршілері Азия чемпионатында топ жарды

фото: olympic.kz. Суретте: Едіге Емберді

11 шілдеде Астанада өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Континенттік додада қазақстандық жасөспірімдер мен жастар жеті алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, төрт күміс пен алты қола жүлде еншіледі.

Азия чемпиондары атанған спортшылар: Ксения Прозорова (58 кг дейін), Әлихан Әскербай (71 кг дейін), Нұржан Жұмабай (79 кг дейін), Едіге Емберді (79 кг дейін), Кира Данилова (69 кг дейін), Ерасыл Сәулебеков (88 кг дейін), Денис Полубояринов (94 кг дейін).

Ұлттық құраманың бас бапкері Альбер Хакимуллин жарыс нәтижесін былай бағалады:

"Жалпы команданың өнерін "өте жақсы" деп бағалаймын. Жасөспірімдер мен қыздар медальдар саны бойынша көш бастады. Жастар да өздерін үздік жағынан көрсетті. Басты мақсатымыз – командалық есепте жеңіске жету болатын. Бұл межеге жеттік", – деді ол.

Сондай-ақ, жарыс барысында Қазақстан атынан қатысқан бірнеше зілтемірші Азия мен әлем рекордтарын жаңартты. Әсіресе Әлихан Әскербай ерекше көзге түсіп, үш әлемдік және үш азиялық рекордты жаңартты.