Бүгін Өзбекстан құрамасы Катарға қарсы шешуші матчын өткізеді

Бүгін Өзбекстан құрамасы Катарға қарсы шешуші матчын өткізеді

фото: Fatemeh Bahrami/Anadolu via Getty Images. Суретте: футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасы

Бүгін, 10 маусымда Ташкенттегі әйгілі «Бунёдкор» стадионында Өзбекстан мен Катар құрамалары арасында футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеудің үшінші кезеңі аясында маңызды матч өтеді. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.

Бұл кездесу – А тобындағы 10-турдың шешуші ойындарының бірі ретінде бағалануда. Жанкүйерлер бұл ойынды Қазақстан уақытымен 18:45-те «Qleague» телеарнасынан немесе AFC Asian Cup-тың ресми YouTube арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Екі құрама осы іріктеу кезеңінде бұған дейін 2024 жылдың 14 қарашасында Катар астанасы Дохада кездескен. Ол ойында алаң иелері – Катар құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сондықтан Ташкенттегі матч – Өзбекистан үшін есе қайтарудың орайы, ал Катар үшін турнирлік позициясын жақсартудың соңғы мүмкіндіктерінің бірі болмақ.

А тобындағы қазіргі жағдай мынадай: Иран 20 ұпаймен көш бастап тұр, Өзбекистан 18 ұпаймен екінші орында, ал Катар 13 ұпаймен төртінші сатыда орналасқан. Сонымен қатар, БАӘ – 14, Қырғызстан – 7, Солтүстік Корея – 3 ұпайға ие. Демек, Өзбекистан құрамасына жеңіс аса маңызды: бұл оларды плей-офф кезеңіне әлдеқайда сенімді жолмен алып келе алады.