"Адам кейпіндегі малдар": танымал журналист Алакөлдегі былықты әшкереледі

"Адам кейпіндегі малдар": танымал журналист Алакөлдегі былықты әшкереледі

фото: 7kun.kz

Танымал журналист Ерболат Мұхамеджан Instagram парақшасында Алакөлдегі тазалық пен мәдениетсіздік мәселесіне қатысты ашық жазба жариялады. Ол жыл сайын демалуға баратын Үржар өңіріндегі жағалаудың былғанып, бақылаусыз қалғанын сынға алды.

"Қоқыстан көз ашпайтын жағалау. Тәртіп жоқ. Мәдениет жоқ. Бұл – елімізге, табиғатқа деген немқұрайлық", – дейді автор.

Ол жергілікті әкімдіктердің тазалықты тек көрсетіп қана істейтінін, ал шын мәнінде қоқыс шашылып, желмен көлге ағып кететінін атап өтті. Қонақүйлер мен кәсіпкерлер өз айналасының тазалығына мүлде жауапкершілік алмайды.

2014-2016 жылдары Үржар аудандық әкімдігінде жұмыс істеген Ерболат өз тәжірибесінен мысал келтіріп, жастармен бірге еріктілер ретінде қоқыс жинағанда адамдардың түсінбей, менсінбей қарағанын жазады.

"Қоқыс жинау – ұят емес, керісінше, мәдениеттің көрсеткіші. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір демалушылар – адам кейпіндегі надандар: ішеді, түкіреді, шемішке шағады, айналаны ластайды", – деп ашынды ол.

Ең сорақы мысалдардың бірі – рұқсатсыз жағажайда орнатылған моншалар, одан шыққан мас адамдардың көлге шомылуы. Бұған өзі тікелей әкімге хабарлап, шенеуніктер келгенімен, жүйелі шешім болмағанын сынға алды.