Сенсация: 17 жастағы қазақ баласы Үлкен дулыға турнирінің жартылай финалына шықты

Сенсация: 17 жастағы қазақ баласы Үлкен дулыға турнирінің жартылай финалына шықты

фото: Mateo Villalba/Getty Images. Суретте: Әмір Омарханов

Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасындағы Ұлыбритания ашық чемпионатының (Уимблдон-2025) жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Әмір Омарханов – ITF рейтингінде жалғыз және жұптық сында 18-орында тұрған Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы бірінші ракеткасы. Ол үлкен дулыға турнирінің жасөспірімдер санатындағы жұптық жарысында ресейлік теннисші Егор Плешивцевпен бірге өнер көрсетіп жатыр.

Бейсенбі күні Омарханов пен Плешивцев оңтүстікафрикалық Коннор Дойг және үндістандық Крииш Тьяги дуэтімен ширек финалдық матч өткізді. Кездесу екі сетке созылды, ал екінші сет тай-брейкпен аяқталды. Ойын нәтижесі: 6:4, 7:6 (10:8) – Омарханов пен Плешивцевтің пайдасына.

Матч барысында қазақстандық-ресейлік жұп 10 эйс жасап, 1 қос қателік жіберіп, 6 брейк-пойнттың екеуін сәтті жүзеге асырды.

Жартылай финалда олар Максвелл Экстед (АҚШ) / Ян Кумстат (Чехия) және Оскари Палданиус (Финляндия) / Алан Вазны (Польша) жұптарының жеңімпаздарымен кездеседі. Айта кетейік, бұл екі жұптың бірі төртінші нөмірмен турнирге тіркелген.

Келесі кезеңдегі матч жұма күні, 11 шілдеде өтеді. Айта кету керек, Әмір Омарханов – Уимблдон-2025 турнирінде Қазақстан атынан қалған жалғыз өкіл.