фото: видеодан скриншот. Суретте: Мырзатай Жолдасбеков пен Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков елорда Астанаға алғаш келген кездегі Нұрсұлтан Назарбаев өткізген тарихи кеңес туралы бұрын-соңды айтылмаған жайтпен бөлісті. Бұл туралы ол Астана қаласы әкімдігінің "Руханият" мемлекеттік мекемесінің парақшасына берген сұхбатында айтып берді.
Ғалым 2000 жылы арнайы шақыртумен елордаға көшіп келген сәтін еске алып, Назарбаевтың қала салудағы жанқиярлық еңбегін ерекше атап өтті.
"Сол кезде жағалауда тек "Пионер үйі" ғана болды, басқа ештеңе жоқ. Сол жылы Президент еліміздің қызметінде жүрген беделді азаматтарды жинап, Астананың болашағы туралы кеңес өткізді. Түк жоқ – жылан жалағандай иен дала. Бірақ сол жерде тұрып, Нұрекең "мына жерде мынандай болады, ана жерде осындай ғимарат бой көтереді" деп болашақты суреттеп берді", – дейді ол.
Мырзатай Жолдасбеков сол сәтте айтылғандарға күмәнмен қарағанын жасырмады:
"Ішімнен "сөз айтылып қоя береді ғой, оны кім жүзеге асырады, бұл қашан болады?" деп ойладым. Бірақ бүгінде қарап отырсам, бәрі орындалыпты".
Сондай-ақ ол елорданың қазіргі қарқынды дамуына тоқталды:
"Қазір Астананың халқы 2 миллионнан асыпты. Бұрын зауыт, үй салғанды көрдік, бірақ тұтас бір қаланы нөлден бастап салғанды алғаш рет көрдік. Бұл – шын мәнінде, ғасырлық іс! Сол жағалауда қазір өмір қайнап жатыр: жастар, ойын-күлкі, той-думан. Бұл – жақсылықтың белгісі", – деп түйіндеді ол.