фото: Aikyn.kz. Суретте: Сәкен Майғазиев, Елдос "Колобок" пен жары Таңшолпан
Белгілі әнші Сәкен Майғазиев танымал блогер Елдос Қадырхановтың (желіде "Колобок" атымен танымал) отбасына ақжарма тілегін білдіріп, олар үшін тілектес екенін жеткізді.
Сәкен Майғазиев Елдос пен оның жұбайының он жылдан бері бала сүюді армандап жүргенін айтып, сол отбасының тағдырына бейжай қарай алмағанын жеткізді. Ол 2023 жылдың қарашасында орын алған бір оқиғаны есіне алып, былай деп жазды:
"Жарасымды жұп үшін қатты қуаныштымыз! Елдостайдың бір сұхбатын көріп қалып, тілектес болып жүргендердің бірі біз едік. 2023 жылдың қарашасында Мейрамбек досым бата көкпар беріп, мен он мың теңге олжалағам. "Сол бата дарып, сендерге де перзент жұғысты болсын’" деп сол он мың теңгені Елдосқа ұсынып, келін екеуіне бата беріп едім. (Дереу ескертіп қояйын, әулиелігім жоқ) Ниет қой".
Әншінің айтуынша, бәрі Алланың қалауы, ата-ананың дұғасы, көптің тілеуі мен екі жастың сеніміне байланысты екенін айтып өтті. Сонымен қатар, өзі мен жұбайының екінші сәбилерін 15 жыл күткенін де тілге тиек етті.
"Алла Тағала салиқалы, саналы, иманды, білімді, өнерлі ұрпақтар сыйлай берсін. Сәби күтіп жүрген жандарға жұғысты болсын. Махаббаттарыңыз баянды, берік болсын!", – деп жүрекжарды тілегін жеткізді Сәкен Майғазиев.