"Алланың қалауымен" дегенге айыппұл сала ма?": Ислам Байрамуков жаңа заңға қарсы шықты

"Алланың қалауымен" дегенге айыппұл сала ма?": Ислам Байрамуков жаңа заңға қарсы шықты

фото: Туризм және спорт министрлігі. Суретте: Ислам Байрамуков

Қазақстан спортында қабылданған жаңа этикалық нормалар қоғам арасында қызу пікірталас тудырып жатыр. Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы бұйрығына сәйкес, спортшыларға арналған тәртіп кодексі жаңартылып, жарыс кезінде өзін-өзі ұстау, қарсыласты құрметтеу, сондай-ақ діни насихат пен бейәдеп сөздерге қатысты шектеулер бекітілді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Аталған өзгерістерге байланысты түрлі сала өкілдері өз ойларын білдіруде. Осы орайда 1bol.kz сайты еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтан діни сенімдерге шектеу қою мәселесі туралы сұрады.

"Сақалға тиіссеңіздер, басқа дін өкілдеріне де айту керек. Олар да сақалын өсіреді. Біз, мұсылмандар ғана, өз-өзімізбен күресеміз де жүреміз. Бұл өмірге адам Алланың қалауымен келеді. Ендеше, "барымды салып тырыстым, бірақ Алланың маңдайыма жазғаны осы" деген сөзден қандай қауіп бар?" – дейді танымал балуан.

Оның пікірінше, дін жолындағы адам керісінше таза, тәртіпті келеді және мұндай азаматтар қоғамға тек оң әсер етеді.

"Діндегі адам күн тәртібін бұзбайды, жаман әдеттен аулақ болады. Таза жүреді, ойы таза. Сонда Алланың қалауымен деп айтқан адамға айыппұл сала ма, қалай болады?.." – деп түйіндеді сөзін Ислам Байрамуков.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов спортта діни көзқарастардың шектен тыс көрініс табуы алаңдаушылық тудыратынын айтып, радикал көзқарасты ұстанатын спортшылар көбейіп бара жатқанын мәлімдеген еді.

"Іс-шараларға барамыз, сонда ортамызда түрлі саланың өкілдері болады, спортшылар келеді. Сондай пікірталастың арасында "Біз халифат құруымыз керек, құрамыз да" деп ашық айтатындар бар", – деген болатын депутат.

Алайда Байрамуков бұл сөзбен келіспейтінін білдіріп, діни сауаты жоқ жандар осындай пікірлер айтады деп санайды:

"Намаз оқитындарға тиісіндердің не дәреті жоқ, не түсінігі жоқ. Ойы да, денесі де таза адаммен қалай, не үшін күреседі? Біз қайта сауатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Ал біз кедергі жасаймыз", – деді балуан.

Ол сондай-ақ белгілі дзюдошы Елдос Сметовтің мысалын келтіріп, спорт пен руханияттың байланысын атап өтті:

"Елдос Сметов Париж олимпиадасында топ жарды, сонан соң сәждеге барды. Сонда оған да тыйым саламыз ба? Елдостың Аллаға күш-қуат бергеніне алғысын білдіргенінде тұрған не бар?.. Кейде психологияның өзі спортта жетістікке жетуге аздық етеді. Сондай кезде адамға сенім, дін керек", – деді ол.

Сонымен қатар, жаңа ереже аясында бейәдеп сөздерге де тыйым салынған. Бұл өзгерісті Байрамуков орынды деп санайды.

"Өзгелерге үлгі болатын – дзюдо спорты. Қарсыласқа құрмет деген бөлек, тіпті жеңіске де қуанғаныңды да көрсетпейсің. Теріс қылық жасасаң, бірден жарыстан шеттетілесің... Сондықтан адамда тәртіп болуы керек, ал тәртіп болуы үшін ішкі рухың жоғары болуы қажет", – деп пікір білдірді спорт ардагері.