"Күреспеймін деп кимоносын талай шешкен": Елдос Сметовтың бапкері шәкірті туралы ашық айтты

"Күреспеймін деп кимоносын талай шешкен": Елдос Сметовтың бапкері шәкірті туралы ашық айтты

фото: instagram.com/yeldos60kg. Суретте: Ғалымжан Жылгелдиев пен Елдос Сметов

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртімен арадағы қарым-қатынас пен спортшының ішкі күйзелістері туралы ашық айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бапкердің айтуынша, Елдоспен дайындық барысында талай психологиялық сынақтар болған. Әсіресе, жарыстар алдында спортшының бойындағы намысты ояту үшін өткір сөздер айтуға тура келген сәттер жиі кездескен.

"Олимпиада қарсаңында Қытайда өткен Азия чемпионатында Елдос жапон және басқа спортшылардан ұтылып қалды. Сол кезде қатты ренжідім. "Сен бос күресіп жатырсың" деп дауыс көтеріп те жібердім. Ол болса: "Ағай, мен бар күшімді салдым" деді. Мен: "Мұндай күреспен Олимпиадаға барудың қажеті жоқ" дедім. Сол кезде ол "онда мен күреспеймін" деп, кимоносын шешіп тастаған жағдайлар да болды. Ондай сәттерде ренжісіп, екі жаққа кеткен кездеріміз де болған", – дейді бапкер.

Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің ішкі жан дүниесін жақсы түсінетінін де жеткізді.

"Ол – өте сезімтал спортшы. Жарыс кезінде өзі отырса, мен де отырамын. Тұрса – мен де тұрам. Ол менің эмоциямды сезіп тұрады. Егер мен жай отырсам, "ағай мені қолдамай тұр ма" деп ойлап қалмасын деймін. Бірге өткізген жылдардың нәтижесінде осындай байланыс орнады. Елдостың тағы бір ерекшелігі – көрерменді көрсе, шабыттанып кетеді. Халықтың ықыласын сезсе, жанын салып күреседі", – деп түйіндеді ол.