«Не бокс, не музыка»: Нұрғиса Тілендиевтің қызы әкесінің спорттағы ешкім білмейтін жеңісі туралы айтты

«Не бокс, не музыка»: Нұрғиса Тілендиевтің қызы әкесінің спорттағы ешкім білмейтін жеңісі туралы айтты

фото: әлеуметтік желіден. Суретте: Нұрғиса Тілендиев пен қызы

Күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева әкесі туралы бұрын-соңды көпшілік біле бермейтін қызықты оқиғаны бөлісті, деп Sportinside.kz тілшісі "Айқын" газетінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, Нұрғиса Тілендиев тек өнерге емес, спортқа да шын ықылас қойған жан болған.

Әкесінің спортқа ерекше ден қойғанын айтқан Дінзухра Тілендиева оның дене бітімінің шымыр, жұдырығының ірі болғанын, үйінде әрдайым бокс қолғабы тұрғанын еске алады. Композитордың студент кезінде бокспен айналысқаны да белгілі болды. Бірде ол ешкімге айтпай жарысқа қатысып, жеңіске жетеді. Рингте тұрған сәтінде залда отырған Ахмет Жұбановты көреді. Осыдан кейін Жұбанов оған таңдау қояды – "не бокс, не музыка!". Нұрғиса Тілендиев музыкант болуды таңдаған.

"Мен әкем қай бағытқа барса да, түбінде сол саланың чемпионы болар еді деп ойлаймын", – дейді Дінзухра Тілендиева.

Айта кетейік, биыл Халық Қаһарманы, атақты күйші, композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толып отыр.