"Неке түніне де билет сатыла ма?": қоғам белсендісі той мәдениетіне шүйлікті

"Неке түніне де билет сатыла ма?": қоғам белсендісі той мәдениетіне шүйлікті

фото: Instagram/saken_maigaziyev

Қоғам белсендісі, ұстаз әрі танымал пікір иесі Сұлтан Сүлеев әлеуметтік желіде бүгінгі қазақ қоғамындағы кейбір оғаш көріністерге тоқталып, өз көзқарасын жазды. Оның бұл жазбасы қалың оқырманды күлдіріп қана қоймай, ойға да жетеледі.

"Америкадағы сайлаудан бастап, онлайн тойға билет сатуға дейін..."

Сүлеевтің айтуынша, қазақ қоғамы өзінен гөрі өзгеге тез араласады, әсіресе алыс АҚШ-тағы жағдайға:

“АҚШ-та мексикалықтар заңсыз кіріп, Трамп оларды шығарып жатыр. Ал біздің қазақтар Трамптың отставкасын талап етіп жүр. Айдаладағы Калифорнияда не жұмыстарың бар ей?” – дейді ол кекесінмен.

Қалыңмал мен онлайн той – жаңа тренд пе, әлде шоу ма?

Мұғалім әрі қоғам талдаушысы ретінде танымал Сүлеев Мұзарт тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің ұлына жасаған дүркіреткен тойына да тоқталды. Белсенді 5 миллион теңге қалыңмал мен тойға онлайн қатысу үшін 1300 теңге сұралуын қатты сынаған:

“1300 теңге төлеп, салат жемейміз, фанта ішпейміз, билемейміз. Онда несіне тойға барамыз?” – деп жазды.

Оның айтуынша, бұл үрдістер дәстүр мен логиканың шекарасынан шығып кеткен.

Сатира арқылы – сын айту

Сүлеевтің жазбасынан қазақ қоғамының тұтынушылық, көрсетілімшіл менталитеті мен босаң ұстанымдары сыналады. Ол жазбасын былайша түйіндейді:

“Алғашқы неке түніне онлайн билет сату ғана қалды. Онда Мұзарттың бір өлеңін тыңдамаймын... Шымкенттің салқын сырасы мен 'Ұйқым келмейдіні' қайталап тыңдай берем”.