фото: Tengrisport.kz. Суретте: Сергей Веселов
19 жастағы пауэрлифтер, Шығыс Қазақстан облысының тумасы Сергей Веселов Сауд Арабиясы аумағында ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Tengri Sport тілшісі спортшының әкесімен байланысқа шықты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Евгений Веселовтың айтуынша, ұлы Риддер қаласының тумасы. Ол Стамбулға демалуға кеткеннен кейін байланысқа шықпай қойған. Әкесі БАҚ өкілдерінен ақпарат таратуға көмектесуді сұрап, өтініш білдірді.
Tengri Sport тілшісі Сергейдің әкесі Евгениймен сөйлесіп, қазіргі жағдай туралы сұрады. Оның айтуынша, бастапқыда ұлы демалу үшін Стамбулға, содан кейін Дубайға баруды жоспарлаған.
«Ол бізге тек Астанадан Стамбулға ұшып бара жатқанын ескертіп қойды. Оның бағыты мынадай болған: Өскемен – Астана – Стамбул – Дубай, сосын кері қайту. Қазір мен үшін басты мәселе – баламды Қазақстанға аман-есен қайтару», – деді Евгений.
Сондай-ақ, Евгений ұлының Сауд Арабиясының Мәдина қаласынан табылғанын, бірақ тікелей сөйлесе алмағанын айтты.
«Қазірге дейін ұлыммен сөйлесе алмадым. Консул оқиға орнына еріктілер тобын жіберген. Олардың бір-ақ минуты болған. Тек халін, жағдайын сұрап үлгерген. Сергей отбасылық құпия сөзді айтты. Бала кезімізден әрдайым қауіпсіздік үшін өзара құпия сөзіміз бар болатын. Ол соны айтып берді. Демек, бұл – менің ұлым», – деді Евгений Веселов.
Сергейдің байланысқа шықпаған сәтінен бастап өзін қатты алаңдатқанын айтқан Евгений баласының табылғанын естігенде біршама жеңілдеп қалғанын жеткізді. Дегенмен, оның не үшін ұсталғаны жөнінде нақты ақпарат әлі жоқ.
«Жан дүниемде бос кеңістік пайда болды. Ішімде ештеңе қалмағандай. Қазір табылды дегенде біршама жеңілдедім. Бірақ ұлым нақты қайда, не үшін ұсталды – ол туралы ресми ақпарат жоқ. Тек бір бөлімшеде деген. Қандай баппен ұсталды? Ешкім ештеңе айтпайды. Бәрі тым-тырыс, бір тұманды құпияға оранып тұрғандай. Не болып жатқаны белгісіз», – деді ол.
Евгений Веселов Сыртқы істер министрлігі мен Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшілігіне ресми көмек сұрап хат жолдағанын айтты.
«Маған бұл іспен консулдық айналысып жатқанын айтты. Мен бес күннен бері Астанадамын, ресми жауап күтіп отырмын. Әзірге іс бойынша ешқандай мәлімет түскен жоқ», – деді Сергейдің әкесі.