"Дінге тыйым салынды": Қазақстанда Спорттық этика ережелеріне жаңа өзгерістер енгізілді

"Дінге тыйым салынды": Қазақстанда Спорттық этика ережелеріне жаңа өзгерістер енгізілді

фото: UGC. Суретте: сақалды ер адам

2025 жылғы 27 маусымда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің бұйрығымен Спорттық этика ережелеріне бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Жаңа редакция 2025 жылдың 19 шілдесінен бастап заңды күшіне енеді, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңартылған құжатта спортшылар, жаттықтырушылар, оқытушы-жаттықтырушылар мен төрешілерге қойылатын этикалық талаптар нақты айқындалған. Енді олар келесі нормаларды міндетті түрде сақтау керек:

Міндетті нормалар:

  • Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер, есірткі немесе басқа да уытты заттардың әсерімен жүруге жол берілмейді;
  • Жеке тәртіп пен моральдық нормаларға сай болу;
  • Адал ойын принципін ұстану;
  • Ұлттық құрама, қарсыластар, жанкүйерлер және жарыс ұйымдастырушыларына құрметпен қарау;
  • Өзге спортшылар мен еріктілердің ар-намысын таптамау, құқықтарын бұзбау;
  • Спорттық және марапаттау рәсімдерінде саяси ұрандардан аулақ болу;
  • Қақтығыстар мен жанжалдарды болдырмау, спорт саласының беделіне нұқсан келтірмеу;
  • Қазақстан мен өзге елдердің Мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау;
  • Қазақстанның Әнұранының мәтінін және музыкалық нұсқасын жатқа білу және орындау кезінде лайықты мінез көрсету;
  • Төрешілер шешімін сыйлау және оны көпшілік алдында дауламай қабылдау;
  • Кубок, медаль, диплом сияқты марапаттарға құрметпен қарау;
  • Марапаттау рәсімдеріне міндетті түрде қатысу;
  • Ресми фотосессия мен БАҚ-пен жұмыс кезінде ұлттық құрама немесе спорт клубының формасын кию;
  • Журналистермен қарым-қатынаста сыпайылық пен сыйластық таныту;
  • Өз ісімен өзгелерге үлгі болу;
  • Жарыс және оқу-жаттығу тәртіптерін қатаң сақтау.

Тыйым салынатын әрекеттер қатарына:

  • Оқу-жаттығу үдерісіне қатысты мәліметтерді жариялау;
  • Бейәдеп сөздер немесе қимыл-ишара қолдану;
  • Жарыс пен дайындыққа кедергі келтіретін, елдің имиджіне зиян келтіретін әрекеттер жасау;
  • Жарыс кезінде немесе кейін біреуге қорқыту, қоқан-лоқы көрсету;
  • Діни насихат жасау немесе өзгелерді діни ұйымдар жұмысына тартуға мәжбүрлеу.

Қосымша талаптар:

  • Жеке жаттықтырушылар спортшыларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын үйретуге міндетті;
  • Спорт мекемелері этикалық нормаларды жазылған күйде көрнекті жерге іліп қоюы қажет;
  • Спорттық қызметке қатысты келісімшарт жасалғанда, тараптар бұл этикамен міндетті түрде жазбаша түрде танысуы керек.