фото: Tengrisport.kz. Суретте: Дастан Сәтпаев пен Ламин Ямаль
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен алматылық "Қайраттың" 16 жастағы ойыншысы Дастан Сатпаев Чемпиондар лигасы матчында гол соққан ең жас ойыншылардың бірі атанды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Еске салсақ, 8 шілде күні Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Любляна қаласының "Олимпия" командасы мен "Қайрат" кездесіп, матч 1:1 есебімен аяқталған. Ойын барысында португалиялық жартылай қорғаушы Диего Пинто мен қазақстандық жас футболшы Дастан Сатпаев гол соқты.
Дастан Сатпаев Чемпиондар лигасы тарихында гол соққан ең жас қазақстандық қана емес, жалпы турнир тарихындағы ең жас гол авторларының бірі болды. Ол 16 жас, 10 ай, 26 күнінде гол соғып, әлемдегі ең жас гол соққандардың үздік үштігіне енді.
Чемпиондар лигасында ең жас гол соққандар тізімі:
- Никлас Беркрот (Швеция) – 16 жас, 6 ай, 4 күн (Гетеборг – Мурата).
- Влодзимеж Любаньски (Польша) – 16 жас, 8 ай, 16 күн (Гурник – Дукла Прага).
- Дастан Сатпаев (Қазақстан) – 16 жас, 10 ай, 26 күн.
- Нии Лэмпти (Гана) – 16 жас, 11 ай, 12 күн.
- Тони Варьюнд (Эстония) – 17 жас, 25 күн.
- Ансу Фати (Испания) – 17 жас, 1 ай, 9 күн (Барселона – Интер).
- Янош Радич (Венгрия) – 17 жас, 1 ай, 20 күн.
- Ламин Ямаль (Испания) – 17 жас, 2 ай, 6 күн.
- Барталь Фардум (Фарер аралдары) – 17 жас, 2 ай, 19 күн.
- Ромелу Лукаку (Бельгия) – 17 жас, 2 ай, 21 күн.
Айта кету керек, ресми УЕФА статистикасы тек негізгі кезеңнен (бұрынғы топтық кезең) бастап есептеледі. Сондықтан бұл тұрғыдан ең жас гол авторы – Ансу Фати. Ол 2019 жылы "Барселона" сапында "Интерге" қарсы ойында 17 жас 40 күнінде гол соққан. Екінші орында – Ламин Ямаль, оның жасы гол соққан кезде 17 жас, 2 ай, 6 күн болған.