«Би билейтін емес, ой ойлайтын уақыт»: Аймағамбетов тренд қуып, Тикток түсіретін мұғалімдерді сынады

«Би билейтін емес, ой ойлайтын уақыт»: Аймағамбетов тренд қуып, Тикток түсіретін мұғалімдерді сынады

фото: NUR.KZ / Ирис Мамбур. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында әлеуметтік желіде тренд қуып, reels (рилс) түсіретін мұғалімдерге қатысты сыни пікір білдірді. Ол әсіресе мектеп оқушыларының видеоларға түсірілуіне қарсылық танытып, өзінің де баласы оқитын мектепке ресми түрде ескерту жасағанын айтты.

«Баламның бейнесін рұқсатсыз жарияламау туралы мектепке арнайы хат жаздым. Себебі бұл – оның жеке құқығы. Қазіргі дипфейк, жасанды интеллект дамыған дәуірде кез келген адамның фотосын теріс мақсатта қолдануға болады. Біз балалардың бейнесін, жеке деректерін кез келген жерге жариялап, “мынаны өткіздік” деп бөлісіп отырамыз. Бұл формализмге айналмауы тиіс. Баланы желіге жариялаудың өзі үлкен жауапкершілік. Ол үшін алдымен баланың келісімі қажет, кейін оның артындағы салдарды түсіне білу керек», – деді депутат.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мұғалімдер әлеуметтік желідегі трендтерге ілесіп, видео түсірумен емес, ең алдымен оқушыға өнеге көрсетіп, білім берумен айналысуы тиіс.

«Мысалы, бір рилс түсіріп, оны монтаждап, жүктеу қанша уақыт алады? Ал мұғалімнің уақыты не үшін қажет? Әрине, оқушыға білім беру үшін. Баланың жүрегіне жол табу үшін онымен бірге секіріп, ойнап-күлудің қажеті жоқ. Ол үшін педагогика ғылымы бар. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің әдістері сол жерде баяндалған», – деді ол.

Аймағамбетовтің сөзінше, мұғалім этикасына қатысты арнайы бұйрық та бар, сол құжатқа сүйеніп рилс мәселесін реттеуге болады. Алайда ол ең алдымен қоғамның ішкі мәдениеті мен түсінігі маңызды екенін баса айтты.

«Көп жағдайда біз барлық жауапкершілікті министрлікке жүктеп қоямыз. Министрліктің өз міндеттері жетіп артылады. Сондықтан бұл мәселеде әркім өзінен бастауы тиіс. Егер рилстар мыңдаған лайк жинаса, өзгелер де соны қайталай бастайды. Әрине, егер Абайдың қара сөздері мен өлеңдері айтылса, ол дұрыс. Бірақ бәрі бишіге айналғандай... Қазір той емес, би емес – ой ойлайтын уақыт. Сондықтан сапалы педагогикалық мазмұнды жұмыс жүргізуіміз керек», – деп түйіндеді депутат.