фото: Тұрар Қазанғапов, Tengrinews.kz. Суретте: Дастан Сәтпаев
Qazsport телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков «Қайрат» футбол клубының еурокубок матчтарын көрсету құқығын бермегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бүгін, 8 шілдеде алматылық «Қайрат» төрт жылдан кейін алғаш рет Чемпиондар лигасында ойнайды. Алайда матч Словенияның «Олимпия» командасына қарсы өтетініне қарамастан, бұл кездесу мемлекеттік арналардан көрсетілмейді. Себебі тараптар трансляция шарттары бойынша келісімге келе алмаған.
«Қайрат» бізден трансляция үшін қаржылай гонорар сұрады. Ал біз – мемлекеттік арна болғандықтан, бұл қаражат бюджетімізде қарастырылмаған», – деді Нағи Бақытбеков Tengri Sport-қа берген сұқбатында.
Оның айтуынша, арна матчты тікелей сатып алмаса да, «Қайраттың» өз алаңындағы ойынын түсіріп, сол бейнематериалды Словениядағы қонақ ойынына айырбастап көрсетуге ұсыныс жасаған. Бірақ клуб бұл нұсқаға да келіспеген.
«Біз түсінеміз, «Қайрат» – жекеменшік клуб. Бұл – бизнес. Сондықтан шешімді өздері қабылдайды. Үй матчтарын біз көрсетпейміз. «Қайрат» барлық үй ойындарын көрсету құқығын басқа арнамен келісіп қойған. Олар өздері түсіріп, өздері көрсетеді. Ал сырт алаңдағы матчтар бойынша біз бөлек келіссөз жүргіземіз», – деп нақтылады Нағи Бақытбеков.
Айта кетейік, осы аптада еурокубок ойындарына тағы үш қазақстандық клуб қатысады. «Ақтөбе» 10-11 шілдеге қараған түні Еуропа лигасы аясында Польшада «Легияға» қарсы ойнайды. Ал «Ордабасы» 10 шілде күні Грузияның «Торпедо» командасымен Конференциялар лигасында кездеседі. «Астана» да сол лигада өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, «Олимпия» – «Қайрат» матчы бүгін, 8 шілдеде,сағат 21:50-де QLeague арнасынан тікелей көрсетіледі.