фото: Видеодан скриншот. Суретте: Елдос «Колобоктың» отбасы және Ләйлә Сұлтанқызы
Кеше танымал әзілкеш Елдос «Колобок» жұртқа көптен күткен қуанышын – сәбилі болатынын сүйіншілеп жария етті. Бұл қуаныштың артында белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының да елеулі қолдауы бар екені белгілі болды.
Журналистің айтуынша, ол бастаған «Мариям» қоры тек қарапайым отбасыларға емес, көптен бері бала сүйе алмай жүрген танымал жұптарға да көмек көрсетуге ниеттенген.
«Халық болып бұл күнді асыға күттік. Алланың мейірімі шексіз! Қорымыз құрылғалы тізім жасап, солардың ішінде Елдос пен жұбайы да болды. Алғашқыда әйеліне өзім жаздым. Бірақ бірден бастай алмадық. Біраз уақыт өтті. Олар тарапынан сенімсіздік те болған шығар. Араға бірнеше ай салып өздері хабарласты», – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Оның сөзінше, алғашқы әрекет сәтсіз аяқталған. Дегенмен тележүргізуші бұл отбасының тілегінің орындалуына себепші болғанына шүкіршілік етеді.
«Клиникаға артқы есіктен кіргізіп, барынша жасырын ұстап, бірнеше ай дайындалдық – ота, эмбрион тасымалы, жүктілік. Бірақ, өкінішке қарай, алғашқы әрекетіміз нәтиже бермеді. Десе де, Алланың қалауымен қуанышты сәтке мен де себепші бола алғаныма ризамын», – деп бөлісті ол.